389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да балабақша кезегінің цифрлық жүйеге ауысуы жемқорлықтың алдын алады

  • 1204
  • UPD: 10:36, 01.02.2019

Шығыс Қазақстанда балабақша кезегінің цифрлық жүйеге ауысуы жемқорлық деректерін жоюға септігін тигізбек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, қазір кезекті заңсыз жылжыту сияқты заңбұзушылықтар мүлдем кездеспейді. Оның үстіне электронды қызмет түрлері тек ата-аналардың ғана емес, мемлекеттік қызметкерлердің де жұмысын біршама жеңілдетіп отыр.

Екі баланың анасы Әйгерім - мемлекеттік қызметкер. Жолдасы - әскери адам. Жұмысбасты ата-аналар бастапқыда балаларын балабақшаға қалай орналастырмыз деп қиналыпты. Алайда бүгінгі автоматты жүйе бар мәселені шешіп берген. Ол білім басқармасының арнайы сайты арқылы өзіне керекті балабақшаны таңдап, кезекке қойып, жолдаманы да өз бетінше алған.

Айгерім Аманкелдиева, мемлекеттік қызметкер:

- Балабақшада орын босағанын тосып,күнделікті монитроинг жүргізіп қарап отырдым, өзіме ыңғайлы уақытта, жұмыстан босаған сәтте күнде кіріп қарап отырдым. Бұл өте ыңғайлы, өйткені қайта-қайта жұмыстан сұранудың қажеті жоқ.

Цифрлық кезектің басты мақсаты - жемқорлықты жойып, заңбұзушылықтардың алдын алу. Мәселен 2017 жылы білім саласындағы қызметкерлер арасында электронды қызмет арқылы өздері-ақ алуға болатын балаға қатысты құжаттарды ата-анадан талап еткен 102 дерек тіркелген екен. Ал автоматты жүйе енгізілгелі бері мұндай келеңсіздіктер толығымен жойылған.

Ерхат Жәлелов, облыстық МҚІЖСЖҚІҚ департаментінің басқарма басшысы:

- Бұл жүйе енгізілген соң балабақшаға дейінгі кезекті заңсыз жылжыту,кезекті бірінші алу үшін кейбір статустары заңсыз енгізу бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелділігі жойылды. Жолдама автоматты түрде беріледі, яғни біз білім беру бөлімінің кішкене болсын жұмысын азайттық.

Қағазбастылықтың азаюы білім бөліміндегі мамандарға да бірден сезілді. Қазір бұл жерде бұрынғыдай ұзын-сонар кезек болмайды. Тұрғындардың тек бірлі-жарымы ғана келіп, қажетті анықтамаларын алады.

Баян Елемесова, қалалық білім бөлімінің балаларды есепке қою инспекторы:

- Тек интернеті жоқ адамдар ғана бізге көмекке келеді, біз бұл жерден жолдама бере аламыз. Әскери қызметкерлер жеңілдіктерін растау үшін келеді, сол жағынан көмектесеміз.

Цифрлық кезек облыс орталығымен қатар Риддер, Семей, Курчатов қалаларында да сәтті іске қосылған.

Айта кеткен жөн, жалпы аймақта 324 балабақша жұмыс істейді, осылайша, 3 жас пен 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі мекемелермен толық қамтылған.

Авторлары: Э.Ахметова, Д.Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы