386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында «7-20-25» бойынша бастапқы жарна төмендетіледі

  • 820
  • UPD: 14:33, 01.02.2019

Маңғыстау облысында алдағы көктемнен бастап «7-20-25» бағдарламасы бойынша бастапқы жарна төмендетіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кей санаттағы тұрғындар үшін алғашқы жарнаның 10% жергілікті бюджеттен субсидиялау жоспарлануда. Бұл жүздеген отбасының баспаналы болуына мүмкіндік бермек. Қазірдің өзінде аталған тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруда облыс еліміз бойынша үздік үштікте. Алты айдың ішінде 3,5 миллиард теңгені құрайтын 443 өтінім келіп түскен.

Ақтау қаласының тұрғыны Дәурен Мақсұтов пәтер жалдау машақатынан біржола құтылды. Ол «7-20-25» бағдарламасы бойынша жаңа үйден бір бөлмелі пәтер сатып алды.

Дәурен Мақсұтов, Ақтау қаласының тұрғыны:

Бұл пәтер 5 миллион 520 мың теңгеге шықты. Енді 7 жыл ай сайын 56 мың теңгеден төлеп отырамын. Баспаналы болудың ең тиімді жолы осы бағдарлама екен.

Бүгінде аймақ «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруда елімізде Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр. Бағдарлама қабылданғалы 6 айдың ішінде 262 отбасы қоныс тойын тойлаған. Алдағы уақытта тұрғын үй бағдарламасының қолжетімділігі арта түспек. Елбасы тапсырмасына сәйкес бастапқы жарнаны төмендетудің тетігі қарастырылып, арнайы бағдарлама әзірленуде. Өңір басшылары белгілі бір оператор арқылы 20-ның 10% жергілікті бюджеттен субсидиялауды жоспарлап отыр. Ол үй алушыларға әлеуметтік көмек және бюджеттік несие түрінде беріледі.

Имаммахмұт Шағырбаев, облыстық сәулет және құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

- Алғашқы жарнаны жеңілдетілген түрде берілетін тұрғындардың санаттарын мәслихаттың шешімімен бекітеміз. Ол бірінші кезекте біздің жоспарымыз бойынша бюджеттік мекемелердің қызметкерлері болып табылады. Ол мұғалімдер, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері және құқық қорғау саласының қызметкерлері болып табылады. Барлық шаруалар ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында аяқталады.

Биыл Маңғыстау облысында 6 мың пәтер тапсырылады. Оның басым бөлігі «7-20-25» бағдарламасы бойынша үй алғысы келетін тұрғындарға беріледі. Қазірдің өзінде екінші деңгейлі банктерге 3,5 миллиард теңгенің 443 өтінім келіп түскен.

Ақтауда тұрғын үй құрылысы жоғары қарқынмен жүріп жатыр. 32 жер учаскесінде мынандай көп қабатты үйлер салынуда. Жыл соңына дейін 450 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтереді. Алғашқы үйлер алдағы жазда беріле бастайды.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы