380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкім барынша әділ болу үшін судьялардың құзыреті кеңеймек

  • 398
  • UPD: 16:04, 01.02.2019

Елімізде алқабилер соты қарайтын істер жыл санап азайып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, 2017 жылы олардың қатысуымен 72 іс қаралса, былтыр бұл көрсеткіш шамамен 2 есеге кеміген. Бүгін Жоғарғы сот төрағасы республика судьяларының кеңейтілген отырысында осы мәселені өткір сынады. Жақып Асанов бұған себеп заңнамадағы олқылықтар екенін жасырмады. Себебі, қазір алқабилер істерді тек 13 түрлі құрам бойынша қарайды екен. Ал мәселені шешу үшін олардың құзіретіндегі аса ауыр қылмыстардың тізбесін 27-ге жеткізу жоспарда бар. Сондай-ақ, тұрғындардың өтінішін қазіргідей бір судья емес, 3 судьяның қарауына беру көзделіп отыр. Ал кассациялық инстанцияға түскен өтініштер бойынша 3 емес, 5 судья шешім шығарады. Үкім барынша әділ болу үшін судьялардың құзыреті кеңеймек. Сәйкесінше, оларға артылатын жауапкершілік те арта түседі.

Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы:

- Кейде біз осындай шектеуді «менің еш қатысым жоқ» деп жауапкершіліктен сытылып кету үшін жасадық па деген ой туындайды. Сондықтан бізді жауапқа тарту қиын. Судья қарап жатқан іс дұрыс құрылымдалмағанын біледі. Тараптар басқаша жауап бергенде сотта жеңіп шығатындығын да түсінеді. Бірақ біз заңда судьяның тіпті кеңес беру құқығын шектегенбіз. Мен бұл мәселені Англиядағы әріптестеріммен талқылаған кезде олар таң қалды. Онда істі қаншалықты жан-жақты қарау керектігін судьяның өзі шешеді. Ешқандай шектеу жоқ. Басты мақсат - шындыққа көз жеткізу. Сондықтан кодекске енгізілетін тиісті түзетулерді біз қазір түздік. Бұл өзгерістерді алдағы уақытта талқылаймыз.

Ал судьяларға жүктемені азайту үшін кейбір санкциялау шаралары прокуратура мен нотариаттардың қарауына беріледі. Мәселен, банктік есепшотты тексеріп немесе банктік құпия жөніндегі ақпаратты алу туралы санкцияны тағайындау енді прокуратураның құзыретінде болады.

Асқаржан Кенжеғалин, ҚР Жоғарғы сотының судьясы:

- Нотариатқа даусыз шешілетін істер, мысалға еңбекақыны өндіру туралы бұйрықты түрде қаралатын істер. Ол дау тудырмайтын істер. Солардың қарауына жатады.

Хабар 24 телеарнасы