413,26 452,15 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда ауадағы қорғасынның мөлшері қалыпты деңгейден 100% асып кеткен

  • 1315
  • UPD: 07:58, 02.02.2019

Алматының экологиялық ахуалы қашан да өзекті мәселе.

Қаланың төрт ауданында ауадағы қорғасынның мөлшері қалыпты деңгейден 100% асып кеткендігі жұртты алаңдатып отыр. Өндіріс орындары мен күн сайын қала көшелерінде жүретін көліктер де экологияға нұқсан келтіруде. Әкімдік тарапынан қоршаған орта мен табиғат тазалығын сақтау мақсатында қолға алынып жатқан ауқымды бағдарламалар да бар. Десе де бұл түйткілді шешу әзірге оңай болмай тұр.

Алматы аспаны қою түтін мен шаң тозаңнан көз ашпайды. Алып шаһардағы экологиялық ахуалды осыдан ақ білуге болады.

Қаладағы ауаның ластануына зор әсер ететін негізгі екі фактор бар. Ол – жылу электр станциялары мен күн сайын қалада жүретін 700 мың автокөлік. Олардан ауаға қорғасын, фармальдегид, азотдиоксиді мен күкірт қышқылы сынды зиянды қалдықтар тарайды. Мысалы, өткен жылы қалалық экология департаменті кәсіпорындарға 115 тексеру жүргізіп, 127 экологиялық заң  бұзушылық анықтаған.

Ермек Жұмағалиев, экологиялық реттеу бөлімінің басшысы:

– Қоршаған ортаға келтірілетін зиянның орнын толтыру бойынша соммасы 57 млн 86 мың теңге болатын 49 ұйғарым берілді. Оның ішінде 41 млн 50 мың теңге болатын ұйғарымы төленді. Қалғаны қазіргі кезде сотта қаралып жатыр.

Қаладағы ауа райы мен ылғалдың мөлшерін, шаң тозаңды, ластануды 16 метеостанция бақылап отырады. «Қазгидромет» мамандары күн сайын зерттеу амалдарына сүйене отырып, ертеңгі ауа райына болжам жасайды. Осындай бекеттерден алынған ақпарат арнайы зертханада тексеріліп, химиялық сараптамадан өтеді.    

Жанар Махмитова, «Қазгидромет» РМК қалалық филиалының бөлім  басшысы:

– 2018 жылдың қорытындысы бойынша атмосфералық ауаның ластану индексі 2017 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз. Осы жылғы 2018 жылғы атмосфералық ауаның ластану индексі 6-ға тең. Жалпы көтеріңкі ластану деңгейімен бағаланады.

Қала басшылығы экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында газбен жүретін қоғамдық көліктерді көбейтіп жатыр. Қазір қалада сондай 135 автобус бар. Бірақ бензинмен жүретін көліктер саны тіпті көп. Мұнымен қатар көлік кептелісін болдырмау үшін бір бағытта жүретін көшелер саны артты. Нәтижесінде сағаттап кептелісте тұратын көліктерді азайып, ауаға бөлінетін зиянды заттардың мөлшері төмендеген. Бұл өзгеріс тұрғындардың денсаулығына да оң әсерін тигізгенін айтады дәрігерлер. 

Айзат Молдақасымова, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:

– Лас ауа ең алдымен өкпе және жүрек-қан тамырлары ауруларын қоздырады. Ал соңғы екі жылда осындай дертке шалдыққан адамдардың саны 6% азайды. Сонымен бірге жүрек-қан тамырлары аурулары да 26% төмендеп отыр.

Алматының ауасы әсіресе, қыс мезгілінде ластана түседі. Өйткені жекеменшік сектордағы 24 мыңнан астам үй көмір жағады. Оларды көгілдір отынға толық ауыстыру оңай шаруа емес. Әр үйді газ құбырына қосуға барлығының бірдей қаржысы жете бермейді. Себебі қымбат.

Асхат Асылбеков, қоғам белсендісі:

– Менің ойымша, әкімшілік тарапынан, мәслихаттан нұсқау, талап ету керек, қалада тұрғындары көліктеріне міндетті түрде катализатор пайдалану керек. Ол бензинді тазартады.

«Қаладағы жылу электр станциялары мен кәсіпорындарды толығымен көгілдір отынға  көшіру қажет. Сонда ауадағы 100 ден астам зиянды элемент мөлшері азаяр еді», – дейді экологтар. Бұл түйткілдер шешілмейінше, қала тұрғындары тұмшалаған қою түтіннен құтылуы қиын.

Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы