388,81 430,50 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жас сәнгер Елбасыға арнап ұлттық шапан тікпекші

  • 1692
  • UPD: 19:48, 02.02.2019

Ұлттық нақыштағы киім тігетін шеберханасы бар ақтаулық жас кәсіпкер биыл әлемдік нарыққа шығуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

25 жастағы Медина Сақтағанова «қазақтың сан ғасырлық тарихы тұнған қолөнерімізді дүниежүзіне танытсам» дейді. Қазірдің өзінде Италия, Шотландия тұрғындарынан сұраныс түскен. Іскер бойжеткен биыл жастарға жыл арнап, қолдау танытқан Елбасыға Маңғыстау жастары атынан шапан тігіп бермек.

Бірінші сыныпта жүргенімде анама көмектесіп, ою қиғандарым есімде. Және мектептің кезеңдерінде сабақта өзімнің сабағымды айтып болғаннан кейін партама келіп, сурет салып отыратынмын. Әрдайым сурет салғанда пейжаз, табиғат емес, қуыршақтардың, киімдердің үлгілерін салатынмын.

Медина Сақтағанова киім пішіп, оны тігуді анасынан үйренген. Бала кезіндегі қолөнерге деген қызығушылық оның кәсіби сәнгер атануына жол ашты. Жоғары оқу орнын бітірген жас маман 22 жасында киім тігу шеберханасын ашып, жеке кәсібін бастайды. Үш жылдың ішінде іскер бойжеткен толағай табысқа жетіп үлгерді.

Медина Сақтағанова, кәсіпкер:

Мен егер қолдамасам қазақ киімін, өнерін, немесе сіз қолдамасаңыз ол жоғалып кетеді. Қазағымыздың өнері, дәстүрі ұмытылмас үшін осы жылға дейінгі жинап-терген, анамнан алған тәжірибемді халыққа арнап, ерте замандағы оюларымызбен қазіргі заманауи сән үлгісін сәйкестендіріп, өте керемет туындылар шығарудамыз.

Тігін шеберханасында негізінен ұлттық нақыштағы киімдер тігіледі. Қазір ұзатылатын қыздарға арналған көйлектер, сәукеле, әйелдер қамзолы мен бешпет үлкен сұранысқа ие. Оюланып, өрнектелген күнделікті киетін киімдер де тігіліп жатыр. Мұнда қолынан іс келетін 15 адам еңбек етуде.

Аэлита Қошекенова, тігінші:

Шеберхана ашылғалы осында еңбек етіп келе жатырмын. Мединадай іскер, еңбекқор қыздың командасына тап болғаныма қуанамын. Киімдердің үлгісін өзі салады. Біздегі көп жұмыс қолмен жасалатындықтан, аса ұқыптылықты қажет етеді. Оның үстіне аруларға арналған киімдер болғандықтан барынша әсемдеп тігуге тырысамыз.

Медина алдағы айда Ақтауға әлемге танымал сән саласының шеберлерін шақыртпақшы. Шеберханадағы қызметкерлермен бірге өзі де германиялық мамандардан дәріс алып, біліктілігін арттырмақ.

Медина Сақтағанова, кәсіпкер:

- Біздің Елбасы осы 2019 жылды Жастар жылы деп атады. Осыған орай өзімнің атымнан, Маңғыстаудың атынан кремет ұлттық нақышпен тігілген шапан сыйлағым келеді.

Ісін жаңа бастаған жас кәсіпкердің алға қойған мақсаты ауқымды. Қазақтың өрнегі бар киімдерді әлем жұртшылығы киіп жүрсе деген арманы бар. Биыл шетелдерде өтетін сән апталықтарына қатысып, тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы