418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда 201 көшеге «ақылды» шамдар желісі жүргізілмек

  • 1570
  • UPD: 20:28, 02.02.2019

Биылдан бастап Атыраудағы екі жүз көше мен жақын маңдағы елді мекендердің жол жиектеріне «ақылды», яғни диодты жарық шамдары жүргізілмекші, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы алғанда оның ұзындығы 230 шақырымды құрамақ. Оның 86 шақырымы Құлсары қаласында жүзеге асады. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жұмыстардың барлығы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылып жатыр.

Жарық көше - көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігінің кепілі. Бұрын қараңғы қапаста тұрған қала жаңарып, жарқырап шыға келді.

Әлия Есенқұлова, қала тұрғыны:

- Қараңғылықтан балаларды көшеге жіберуге қорқатын едік. Қазір енді жарық бергесін алаңсыз жүре беруге болады.

Бақытжан Жұмат, қала тұрғыны:

- Біздердің, мына орта жастағылардың серуендеп демалуына, еркін жүруіне мол мүмкіндік беріп тұр. Болашақта да бұл жоба ауылдық жерлерде жалғасын тапса деген тілек бар.

Айдос Қарабала, қала тұрғыны:

- Бұрындары жарық әлсірейтін еді, қазір түнде жанып тұрады. Бұл бір жағынан қылмыстың да азаюына сеп боларына сенім мол.

Бүгінде Атырау қаласындағы 86 көше «ақылды» шам желісіне қосылды. Led-жарық жүйесінің артықшылығы тәулік мезгіліне қарай көше жарығы автоматты жүйеде реттеліп отырады. Қала көшелерін жарықтандыру жобасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған. Жыл аяғына дейін Атырау қаласы бойынша 201 көше жарығы «ақылды» шамдармен алмастырылмақ.

Мақсат Исақанов, жоба жетекшісі:

- Біз мемлекеттік әріптес мекемемен келісімшартты ұзарттық. Биыл облыс орталығы мен қалаға іргелес елді мекендердің жарығын жаңа шамдармен ауыстыруды жалғастыратын боламыз. Оның ұзындығы 220 шақырымды құрайды. Бұл жобаға біздің компания 8 миллиард теңге шамасында инвестиция тартуды көздеп отыр.

Диодты шамдар электр қуатын мейілінше аз алады. Led-шамдардың іске қосылуына байланысты қалалық билік былтыр электр қуатынан 3 миллион теңге үнемдеген.

Бұл жүйенің тағы бір артықшылығы - ол автоматты түрде басқарылады. Яғни, көше шамдары қай жерде істен шықты, болмаса, қандай ма апатты жағдай орын алды, тіпті бағананы көлік бағып кеткен жағдайда да барлығы осы экранда көрініп тұрады.

Жобалаушылар келешекте аудан орталықтарына да осындай «ақылды» шамдалдар орнатпақ. Биыл Құлсары қаласында 86 шақырымдық жарық жүйесінің жобасы бекітілді.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы