383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастар жерлестерін жұмыспен қамтып отыр

  • 792
  • UPD: 17:21, 03.02.2019

Оралда «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастар кәсіпкерліктің дамуына да үлес қосуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәлірек айтқанда, батыстан алған білімдерін кәдеге жаратуда. Бірнеше жас жігіт қазір мейрамхана бизнесіне ден қойып, 30-дан астам адамды еңбектеп қамтып отыр.

Арғын мен Асхат және Ұлан есімді үш жігіт Ұлыбританияда танысыпты. Жеке бизнесін ашу туралы ой да сол жақта университетте оқып жүргенде келген. Былтыр қала орталығынан шағын мейрамхана ашып, 35 адамды тұрақты жұмысқа алды. Бизнес жасау үшін бос жатқан кеңістік жеткілікті. Мейрамхана бизнесіндегі IT жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. «Бұл кәсіпті ашуға жұмсаған шығындарымызды 2 жылда қайтарып аламыз», – дейді іскер жастар.

Арғын Түкеев, кәсіпкер:

– Біздің стратегиялық ойымыз – үлкен бір холдинг ашу. Сол деңгейге жету. Ауылдағы жастар шетелде оқымаса да, біз оларды қолдай аламыз. Кеңес бере аламыз.

Бұл жерге жастар да, немересін ерткен қариялар да келіп тұрады екен. Олар мұнда кофе ішіп, газет оқып, өзара әңгіме-дүкен құрады. «О бастағы мақсатымыз да қала тұрғындары бас қосуға арналған осындай жайлы мекен ашу болатын», – дейді өздері. Кәсіпті бастап кету үшін бизнесті қолдауға арналған жеңілдетілген несиені пайдаланған. Ал бизнесті жүргізуді нақты іс барысында оқып-үйреніпті.

Аян Сакошев, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

– Батыс Қазақстан облысындағы жас кәсіпкерлердің потенциалы өте жоғары. Жас кәсіпкерлеріміздің саны көбеюде.  2018 жылдың нәтижесі бойынша бізде БҚО-да кәсіпкерлерге 4 миллиардтан астам микрокредит берілген болатын. Оның ішінде бізде 800-ден астам микрокредит стартап жобаларды қолдауға бағытталған.

Өз кәсібін бастаған жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында өңірде 9 коворкинг орталық ашылды. Мұндай орталықта жастар өздерін толғандырған ойларын ортаға салып, түрлі салада түйген тәжірибелерімен бөліседі. Сонымен қатар оқу орындарын бітірген жастардың да өз жобаларын жүзеге асыруына қолдау көрсетілмек.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы