417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында апатты елді мекен тұрғындарын көшіру ісі баяу жүруде

  • 2329
  • UPD: 23:37, 04.02.2019

Жезқазған өңіріндегі Рудник, Весовая, Крестовский секілді бес бірдей елді мекеннің 6 мыңға жуық тұрғынын Сәтбаев қаласына көшіру жұмыстары тым баяу жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

«Оған басты себеп сот процестерінің ұзаққа созылуы», – дейді жергілікті билік өкілдері.

Жұрттың көпшілігі пәтер алудан бас тартып, өтемақыға өтініш берген. Бірақ олар бағалаушылардың бекіткен бағасымен келіспей отыр. Ал даулы іске сот нүкте қойғанша біраз уақыт кетеді. Сонымен, апатты ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге қашан көшіріледі?

Жезқазған өңіріндегі бес бірдей елді мекен апатты жағдайда тұр. Асты шахта болғандықтан, тұтас бір ауылдың тұңғиыққа түсіп кету қаупі бар. Көп жерлер опырылып кеткен. Сондықтан тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру керек деген шұғыл шешім осыдан 5 жыл бұрын қабылданған болатын. Бірақ бұл жұмыс әлі күнге созылып келеді.

Сәтбаев қаласы маңындағы сүрілуі тиіс бес елді мекеннің бірі дәл осы Жезқазған кенті. Мұнда қазір бірде-бір әлеуметтік нысан жұмыс істемейді. Жұртттың тең жартысы көшіп кеткен. Бірақ қоныс аударуға қарсы болып отырған тұрғындар да жеткілікті.

Соның бірі – Рима Бишенова. Мамандар оның үйін 9 миллион теңге деп бағалап, бұл ақшаны есепшотына аударып жіберген. Оны кейуана несиесін төлеуге барғанда бір-ақ біледі. Банк отбасының барлық берешегін ұстап қалып, қалған соманы өтемақы есебінде алуды ұсынған.

Рима Бишенова, Жезқазған кентінің тұрғыны:

- Біз алмаймыз деп айттық. Олар «алыңдар» дейді. Сосын әкімдікке бардық, өтініш жаздық. Сөйлестік, «бұл ақшадан бас тартамыз» дедік. Біз қазір 30 миллион сұрап отырмыз. 

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, осы күнге дейін тек 100 отбасы ғана өтемақы алған. Тағы 100 адамның өтініші сотта қаралып жатыр. Негізінен апатты ауылдың тұрғындарына ең әуелі Сәтбаев қаласынан пәтер ұсынылады. Оған келіспеген жағдайда өтемақы төленеді. Алайда жұрттың көпшілігі баспанасын тым жоғары бағалап отырған көрінеді. Осыдан кейін сотқа жүгінуге тура келеді. Ал судья даулы іске нүкте қойғанша біраз уақыт кетеді.

Дәуір Жүнісбеков, Сәтбаев қаласы әкімі аппаратының бөлім басшысы:

- Қарағанды облысы әкімдігінің қаулысы шығады. Ол қаулының мерзімі болады. Сол мерзімге сәйкес келіссөздер жүргіземіз. Қаулының мерзімі біткенде келіссөзге келмесек, онда біз заң талаптарына сәйкес сотқа арыз береміз. Тұрғындар сотқа өзінің бағасын ұсынуы мүмкін. Сот сараптама жүргізуі мүмкін. Сосын соттың шешіміне сәйкес, не тұрғын үй, не өтемақы беріледі. Осы кедергілер жұмыстың баяу жүруіне ықпал жасап отыр. 

Қазіргі күні 5 ауылдағы 2800 отбасының тек 65 пайызы ғана Сәтбаев қаласындағы жаңа «Нұрлы мекен» ауданына көшірілген. Ол үшін көпқабатты 40 үй салыныпты. Ал қалғандары 2020 жылға дейін қоныс аудармақ. Жуырда мұнда тағы 5 үйдің құрылысы басталады. Жалпы бұл жұмыстарды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 35 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Рахия Асанова, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

- Келістім, келемін дедім. Келіп көрдім үйді, жақсы, бәрі ұнады. Содан кейін көшіп келдім. Бірінші маған бұйырды. 

Көші-қон жұмыстары біткен соң, бұл жерде жаңа кен орындары ашылады. «Жер қойнауында әлі де 37 миллион тоннадай кен қоры бар», – дейді мамандар. Бұл қазба байлық келешекте ашық тәсілмен игерілмек.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы