377,04 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстауда 1 қаңтардан бастап электр энергиясының бағасы төмендеді

  • 1294
  • UPD: 13:26, 06.02.2019
Маңғыстауда 1 қаңтардан бастап электр энергиясының бағасы төмендеді

Маңғыстау облысында электр энергиясының жаңа тарифі енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Енді ақтаулықтар 1 квт-сағатқа 17 теңге 29 тиыннан, ал өзге аудан тұрғындары 16 теңге 89 тиыннан төлейтін болды. Жаңа баға өткен жылға қарағанда 11 процентке төмен. Тоқ бағасын арзандату туралы тұрғындар талабынан соң жергілікті билік, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті мен энергиямен жабдықтаушы мекеме ортақ шешімге келді.

Жаңа жылдан бастап Ақтау қаласын энергиямен жабдықтау жаңа компанияға берілді. Аталған компания халыққа үш деңгейлі тариф жүйесін ұсынды. Үшінші деңгей бойынша электр қуатын тұтыну 150 кВттан асатын болса, онда тұрғындар 26 теңге 43 тиыннан төлеуі тиіс. Бұл қала халқының наразылығын тудырды. Олар үш деңгейлі тарифті енгізу қарапайым тұрғындардың қалтасын қағу екенін айтады.

Ольга Романовская, қала тұрғыны:

- Мен ұлыммен үш бөлмелі үйде тұрамын. Ай сайын электр қуатына 6 мың, жазда 10 мың теңгедей төлейміз. Ал үш деңгейлі тариф енгізілсе, қалтама ауыр тиері анық. Келесі жылы зейнетке шығамын. Сонда қалай төлемекпін. Коммуналдық қызметпен қоса, тамағымыз бар, дәрі-дермегіміз бар дегендей.

Ақтауда электр қуатына үш деңгейлі төлем жүйесі енгізілмейтін болды. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте электрмен жабдықтаушы мекеме осылай деп мәлімдеді. Қала тұрғындары үшін ортақ жаңа тариф белгіленді.

Абзал Төлемісов, энергиямен жабдықтаушы мекеме басшысы:

- Біздің осы жылға бекіткен тарифіміз 17 теңге 29 тиын болайын деп тұр. Қосымша құн салығын қоса есептегенде. Дифтариф енді қолданбаймыз, мына халықтың үндеуін естіп, дифтариф қолайсыз дегеннен кейін, біз қолданбайтын болып отырмыз.

Өркен Бисақаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Сонымен қатар іргелес Ақтау қаласының құрамына кіретін елді мекендер бар, Өмірзақ, Приморский, Приозерный деген елді мекендер. Олардың да тарифтері 17 теңге 29 тиынға түседі. Нәтижесінде қорытындылай келе Ақтау қаласы мен іргелес елді мекендерде бір тариф болады 17 теңге 29 тиын ҚҚС-ні қосқанда.

Осылайша Ақтаудағы электр қуатының бағасы 11 процентке төмен түсті. Былтырғы баға 19 теңге 42 тиын болатын.

Сондай-ақ жаңа жылдан бастап өңірдегі барлық аудандағы электр қуатының бағасы арзандады. Маңғыстау, Бейнеу, Түпқараған, Қарақия аудандары үшін бір тариф белгіленді. Бұрын бұл аудандар электр энергиясына 20 теңге төлеп келсе, қаңтар айының 1-інен бастап баға 16 теңге 89 тиынға түсті. Ең төменгі тариф Мұнайлы ауданында. 15 теңге 62 тиын. Бұл бағаларды бүгін-ертең келетін түбіртектерден көруге болады.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы