384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жеңіс Қасымбек көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесіне қатысты пікір білдірді

  • 859
  • UPD: 20:37, 06.02.2019

Елімізде үйі жоқ 28 мың көпбалалы отбасы жалдамалы пәтер кезегінде тұр.

Енді олардың мәселесі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында шешіледі. Бүгін Үкімет үйінде журналистерге сұхбат берген министр Жеңіс Қасымбек осындай жаңалықпен бөлісті.

Жыл сайын елімізде 700 жалдамалы баспана салынады. Бірақ үй-күйсіз жүрген азаматтардың саны аз емес. Тұрмысы төмен жандарға уақытша жалдап тұруға пәтер беріледі. Оның әр шаршы метрі үшін 100 теңге төлейсіз. Әрине мұндай қолдау шарасы біршама тиімді. Бірақ жалға берілетін баспана әлеуметтік аз қамтылғандардың бәріне бірдей жетпейді. Мәселені шешу үшін осындай пәтерлердің санын 2-3 есеге арттыру көзделіп отыр.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Осы жылы біз жалдамалы пәтерлерге қаржы қосып жатырмыз. Бұрын 25 млрд болса, осы жылы әкімдіктерге 35 млрд беріліп отыр. Сол арқылы 4 мың пәтер салынады. Оның ішінде осындай отбасылар бар. Енді әкімдіктермен жұмыс істеп, пәтерлердің санын көбейту жұмыстар атқарамыз.

Ал халықтың санын көбейтіп отырған көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында шешімін табуы мүмкін. Ол үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бағдарламаға арнайы бөлім енгізуді ұсынып отыр. Онда нақты қандай шаралар қамтылатынын Жеңіс Қасымбек ашып айтпады. Бірақ Үкімет бұл бағыттағы жұмысты бастап кетті деп сендірді. Ал бұған дейін талай рет айтылған ұшақ билеттерінің бағасы енді арзандай түседі. Ішкі бағыттарға бір билеттің құны шамамен 40-45 доллар болады. Бұл біздегі әуе компанияларының ұсынысынан анағұрлым төмен. Ол үшін жаңа тасымалдаушы компания құрылды.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Көрсетілетін қызметте өзгешеліктер болады. Мәселен, қазір билеттің құнына 20 келі жүкті тасымалдау бағасы қосылса, жаңа компанияда 5 келі жүк орны беріледі. Егер одан артық жүк алып өткіңіз келсе, онда қосымша ақы төлеуге тура келеді. Биыл А -320 су жаңа ұшағының 4 борты жолаушыларды тасымалдайды.

Осы тұста әуе компаниясын құруға қанша қаражат жұмсалды деген заңды сауал туындайды. Министрдің айтуынша, бюджеттен немесе «Самұрық Қазынадан» қосымша қаржы бөлінген жоқ. Ол отандық әуе тасымалдаушының есебінен жұмыс істейді. Ал алғашқы ұшақ рейстеріне билет наурыз айының соңына қарай сатылымға шығады.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Марат Диханбаев, Жандос Битабар

Хабар 24 телеарнасы