424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістанның келбеті шығыс үлгісінде түрлендіріледі

  • 2631
  • UPD: 09:55, 07.02.2019

Түркістан шаһары шығыстық үлгіде дамиды. Кесенеден шалғай орналасқан жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында көп қабатты биік үйлер бой көтереді. Қазір «Астана Бас жоспары» компаниясының концепциясы бойынша жұмыс жасалып жатыр. 2035 жылға дейін қала халқы 350 мыңға, ал 2050 жылы 500 мыңға жетеді деп жоспарлануда.

Бүгінде Түркістанды түркі жұрты жаңа қырынан тани бастады. Өйткені киелі шаһар Елбасының пәрменімен облыс орталығына айналды. Қазір мұнда ауқымды құрылыстар жүргізіліп, болашақ мегаполистің іргетасы қаланып жатыр. Жаңа жоба бойынша қала үш бағытта дамиды. Алғашқысы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі орналасқан тарихи аймақ. Екіншісі «мәдени-рухани орталық» аймағы. Соңғысы әкімшілік-іскерлік орталық алаңы. Кесене маңайы абаттандырылып, көркейеді. Ашық аспан астындағы мәдени-тарихи мұражай мен мәдени-демалыс орындары бой көтереді.

Серік Ақтаңов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

- Шығыс Қазақстан облысы атынан әуенді субұрқақ тарту етеміз. Қазір құжаттарын дайындап жатырмыз. Биыл жыл соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға береміз.

Ал «мәдени-рухани орталық» аймағына 8 нысан түседі. Қызылорда облысы - Шығыс моншасының, Шымкент қаласы - облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының құрылысын бастайды. Одан өзге сауда, «Ұлы дала елі» және Қожа Ахмет Яссауи орталығы мен мұражайы бой көтереді. Түркістан – тарихи қала. Сондықтан да шаһардағы ғимараттар тарихтан сыр шертетін Шығыс үлгісінде салынады.

Еркін Жүсіп, «Астана Бас жоспары» жобалау институты директорының орынбасары:

- Түркістан қаласы негізінен орта ғасырлық қала болғандықтан шығыс үлгісінде болады. Оған климат жағдайы да, мәдени-тұрмыс жағдайы да шығыс үлгісінде дамитын қала болып отыр. Сондықтан біздің мақсатымыз сәулеті де шығыс үлгісінде дамиды деп қойып отырмыз.

Ал әкімшілік-іскерлік орталық алаңында Астана қаласы «Астана» алаңын, Алматы облысы Жастар сарайын, Қостанай облысы - Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратын, Алматы қаласы - Медиа орталық салып береді. Одан өзге конгресс холл, стадион, теа­тр, кітапхана, мұражай, мектеп, балабақша, емхана, саябақ сынды өзге де көптеген әлеуметтік нысандар мен түрлі құ­рылымдық органдардың ғи­ма­­раттары орналасады. Соныман қатар облыстық әкімшілік пен басқармалардың аумақтық департаменттер үйінің ғимараты бой түзейді. Бұл аймақ кесенеден алыс болғандықтан биік үйлер де бой көтереді.

Еркін Жүсіп, «Астана бас жоспары» жобалау институты директорының орынбасары:

- Қаланы үлкейте, кеңейте берудің қажеті жоқ. Сондықтан біз көпқабатты үйлерді қолданып отырмыз. Көпқабатты үйлерді 3-4-5 қабаттан бастап, 9-12-16 қабатқа дейін үйлер болады.

Сондай-ақ қалада биыл заман талабына сай әуежай мен темір жол вокзалының құрылысы басталады. Архитектурлар алдағы 5-6 жылда Түркістан туризмі түлеген, зәулім ғимараттары көзді арбайтын әсем шаһарға айналатынын айтады. «Тотыдайын түрленіп, мүлдем жаңа кейіпке енеді. Ал 10 жылдан кейін үлкен қалалардың қатарына қосылады» дейді жауаптылар. Қазір Түркістанда 160 мың халық болса, 2035 жылы олардың саны 350 мыңға, ал 2050 жылы 500 мыңға жетеді деп күтілуде.

Автрлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы