424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биылдан бастап сатып алу мүмкіндігі бар жалдамалы тұрғын үй салынбайды

  • 1681
  • UPD: 11:13, 07.02.2019

Есесіне мемлекет меншігіндегі пәтерлерді жалдап тұру мүмкіндігі артады. Ал құрылысқа қазынадан 35 млрд теңге бөлінеді. Осы арқылы тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткішін 8 пайызға жеткізу көзделген.

10 жыл бойы пәтер кезегінде тұрған Самал Қалмаханова жаңа жылды жаңа қоныста қарсы алды. Үш баланың анасы «Нұрлы жер» бағдарламасымен 2 бөлмелі пәтерге ие болды. Жас отбасы алдағы 20 жылда 47 мың теңгеден төлеп тұрады. Бірақ, кейін бұл үйді меншігіне алуға құқылы. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі мемлекет ұсынған осындай мүмкіндікке разы.

Самал Қалмаханова, қала тұрғыны:

- Біздің балаларымыз емін-еркін жүр, өздерінің үйлері, жүгіріп жүр. Тар жерде отырмайды. Балаларымыз өте риза. Әлі күнге дейін сене алмай жүрміз. Әлі бір ай да болған жоқ. Ақырын-ақырын тұрып жатырмыз.

Кейінгі үш жылда 18 мыңнан аса отбасы осындай мүмкіндікке ие болды. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында сатып алу құқығымен жалдамалы пәтер салу өткен жылы тоқтатылды. Енді  жалдамалы баспана  сатылмайды. Ал осы бағыттағы құрылысқа биылдан бастап 35 млрд теңге қарастырылған. Ал мүлік мемлекет меншігінде болады.

Серік Бейсембаев, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- Ол уақытша емес. Өмір бойы сонда тұра беруі мүмкін. Бағасы нарықтағы бағаға қарағанда әлдеқайда төмен. Нақты бағасы нарық бойынша шыққан жоқ. Әлеуметтік төлемдермен күн көріп отырған халықтың топтары үшін де қолжетімді болады.

Деректерге сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда 300 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұрады. Салынып жатқан әлеуметтік баспана саны 3 мың ғана. Биыл көрсеткішті 4 мыңға жеткізу жоспарланған.

Серік Бейсембаев, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- Сатып алу құқығымен де жалдамалы пәтерлер салынып жатыр. Бұл басқа бағдарлама, басқа бағыт негізінде. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы барлық пәтерге мұқтаж адамдарды қамту мүмкін емес болған соң жалдамалы пәтерлерді салу. Бұл жаңадан құрылыс компанияларын тартуға мүмкіндік береді. Сол арқылы елде салынатын пәтерлердің саны артады.

Тұрғын үй құрылысы бойынша Қазақстан ТМД елдерінің ішінде көш бастап тұр. Биылдың өзінде тек «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 13 млн шаршы метр тұрғын үй салынады.  Мұның сыртында инвесторлардың демеуімен 20 мың баспана тұрғызылмақ. Жалпы жыл өткен сайын тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Нәтижесінде 2030 жылға қарай әрбір қазақстандыққа 30 шаршы метрден тұрғын үй бұйыруы тиіс.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы