388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде 82400 жас жұмыссыз жүр

  • 1223
  • UPD: 22:07, 07.02.2019

Қазақстандық жастардың 40 проценті жұмысқа орналасарда түрлі қиындықтарға тап болады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазір ел бойынша 82 400 жас жұмыссыз жүр. Бүгін Сенат қабырғасында жастар мәселесіне арналған жиын өтті. Жаңағы мәліметті сол отырыста Палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялады.

Әлемде жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші бүгінде 13 пайыз. Ал кей мемлекеттерде тіпті 40 пайызға дейін жетеді. Қазақстанда да осы мәселе өткір тұр. Түйткілді шешу үшін Сенат төрағасы: «жастардың кәсіпкерлікке қабілеттігін арттыру керек», – дейді. Бірақ әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, біздің жастардың 51 пайызы бизнеспен айналысуды жоспарламайды екен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Жастарды кәсіпкерлікке ынталандыру үшін «Бизнесті дамытудың-2020» жол картасы аясында тегін гранттардың санын 2 есеге арттыру қарастырылған. Сондай-ақ жастар стартаптарын қорғау қоры құрылып жатыр. Әрбір өңірде оларды бизнестің қыр-сырына баулитын «Жас кәсіпкер» бағдарламасы әзірленеді. Ол өзін-өзі еңбекпен қамтып отырған және білімі бар, бірақ жұмыс істемейтін 100 мың жасты қамтиды.

Осы тұста сандарды сөйлетсек. Елімізде 14 пен 28 жас аралығындағы жастар саны 4 млн-ға жуықтады. Оның тең жартысы жұмыс істейді. 1 млн 369 мыңы студенттер мен мүгедектер, үй шаруасындағы әйелдер. Сонда нақты жұмыссыздар саны 82 400-ге жетіп отыр. Еңбекпен қамтылғандардың басым бөлігі, яғни 1,5 млн жас жалдамалы жұмысшы болып еңбек етеді. Қалғаны шағын бизнес өкілі. Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін жастардың үлесі артып келеді. Тек ауыл шаруашылығы мен құрылыста еңбек ететіндердің саны азайған.

Нұржан Әлтаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Жыл сайын 300 мың жас еңбек нарығына шығады. Демек біз жылда 300 мыңға жуық жұмыс орнын құруымыз керек. Осылайша біз қазіргі жұмыссыздық көрсеткішін ұстап тұра аламыз. Сараптамаға сүйенсек, 2019-2025 жылдар аралығында қосымша 2 млн жас еңбек нарығына шығады. Оларды еңбекпен қамту үшін 2025 жылға дейін 2 мың жұмыс орнын ашу қажет.

Былтыр жұмыспен қамту орталықтарының көмегіне жүгінген жастардың саны 245 мыңға жетті. Бүгінде оның 85 пайызы екі қолға бір күрек тапты. Сондай-ақ жас отбасыларды баспанамен қамту да маңызды мәселе. Қоғамдық даму министрінің сөзіне сенсек, осы айдың соңына дейін жас отбасылар үшін қолжетімді пәтер алу тетігі әзірленеді. Ол жасы 29-дан аспайтын, еңбек ететін азаматтарға беріледі. Пәтер аумағы 40-50 шаршы метрден аспауы тиіс. Осылай деген Дархан Қалетаев Жастар жылы аясында өткізілетін шараларға бөлінетін қаражат жөнінде де айтып өтті. 

Дархан Қалетаев, ҚР Қоғамдық даму министрі:

- Қоғамда түрлі жиындарда форумдарға деген көзқарас бар екенін білеміз. Ондай науқаншылық кімге керек? Нәтижесі жоқ. Құр ақша шашу мен той тойлау деген пікірлерді естіп жатырмыз. Бірақ менің айтып кететінім, жоспарлап отырған форумдардың форматы да, мақсаты да бөлек. Біз киіз үй тігіп немесе шетелден ән шақырып той-тойлауды мақсаттап тұрған жоқпыз. Бұл форумдар – жастардың ашық пікір, тәжірибесін алмастыру алаңы.

Жиында жастар тәрбиесі де сөз болды. Себебі, жыл сайын елімізде жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстың тең жартысына жастар кінәлі екен. Бұл аздай, зорлық-зомбылықтан жапа шегетін жасөспірімдердің жайы да көпті алаңдатады. Әлем бойынша 13 пен 15 жас аралығындағы әрбір екінші мектеп оқушысы, яғни 150 млн бала бұзақылардан зәбір көреді екен. Сорақысы, бұл мәселе бізді де айналып өтпеді. Сенат төрағасы бұл барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшілік екенін жасырмады. Мәселеге көз жұмып қарауға болмайды. Сондықтан мұғалімдер мен ата-аналар, әкімдер ғана емес, тұтас қоғамды осы кеселмен күресуге шақырды.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы