388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемқызметкерлерге қажет емес тауарларды сатып алу деректері жиілеген

  • 807
  • UPD: 22:06, 07.02.2019

Мемлекет қаржысын оңды-солды шашып, жемқорлыққа белшеден батқандарға тықыр таянды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде алқа жиыны өтіп, күрестің күшейгені айтылды. Дәл осылай өткен жылы 1290 дерек тіркелген. Оның ішінде республикалық деңгейдегі ондаған басшы қолға түсті.

Жемқорлыққа қарсы күрес күшейген сайын, ауызбастырық алатындардың амал-айлалары да күрделене түседі. Әсіресе қазір мемлекеттік сатып алу саласында үкімет ақшасын қалтаға басудың небір қитұрқы жолдары шығып жатыр. Мәселен, жол жөндеуге қатысты тендер 1 миллиард тұрады делік. Оны ұйымдастырушылар бағаны 200 миллионға дейін түсіріп, байқау жариялайды. Әрине, ешкімнің тәуекелге бармасы анық. Бірақ кейін бір тараппен келісім жасалады да, қосымша тағы бірқатар құжатқа қол қойылады. Сөйтіп бөлінетін қаржының жалпы көлемі 5 миллиардтан асып түседі. Дәл осылай агенттігі жанындағы мониторинг тобы бірнеше деректі анықтаған.

Рахым Ошақбев, арнайы мониторинг тобының мүшесі:

- Мемлекеттік сатып алулардың 30% ғана тиісті бәсекелік ортада өткен. Кей органдарда мемлекеттік қызметке қатысы жоқ заттар сатып алынған. Осы орайда мемлекеттік сатып алулар саласына қоғамдық бақылау құралын енгізгіміз келеді. 2018 жылы мемлекеттік сатып алулардың шамамен 72,5% бәсекеге шектеу қойылған.

Бұған қоса мемлекеттік қызметкерге қажет емес тауарларды сатып алу деректері де жиілеген. Мысалы, қазір Түркістан қаласының Полиция департаменті мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы массаж жасайтын креслоны 422 мың теңгеге алады. Ол не үшін қажет? Сарапшылар осыны түсіне алмай дал. Жалпы, өткен жылы сыбайлас жемқорлықпен 1290 тұлға ұсталыпты. Оның 25-і республикалық деңгейдегі, ал 91-і – облыстық деңгейдегі басшылар. Бұған қоса 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке 21 миллиард теңге залал келген. Қазір оның 89 проценті өндіріп алынған.

Алик Шпекбаев, ҚР МҚІСЖҚ іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Биыл біз осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, әсіресе құқық қорғау және сот орындарындағы жемқорлықпен кешенді түрде күреспекпіз. Бұл мәселеге азаматтық қоғамды да тартып, әр анықталған деректі бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап отырамыз. Ұлттық бюро мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің осындай әдістері ғана сараң және екіжүзді шенеуніктердің заңсыз баюына тойтарыс береді.

Осындай кешенді әрекеттердің арқасында елімізде жемқорлық деңгейі төмендеді. Әсіресе соңғы 2 жылда денсаулық сақтау саласындағы пара алу деректері 4 есе қысқарған. Салық және ауыл шаруашылығы салаларындағы көрсеткіш те көңіл көншітерлік. Бұған қоса Алик Шпекпаев №083, № 086 сияқты медициналық анықтамалардан бас тартуды ұсынды. Өйткені көп жағдайда бұл құжаттар шешім қабылдауға әсер етпейді. Ал олардың сатылымы тыйылар емес.

Бұған қоса алқа жиынында Мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі өзгеретіні айтылды. Яғни бұл процесс енді ашық конкурс арқылы жүргізілмек. Бұған қоса мемлекеттік қызметкердің қарапайым азаматтармен сөйлесу ережесі дайындалатыны белгілі болды.

Алик Шпекбаев, ҚР МҚІСЖҚ іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Егер театр киім ілгіштен басталса, азаматтармен қарым-қатынас телефон трубкасын көтеруден басталады. Мемлекеттік қызметкер кейде телефон трубкасын көтеріп, немқұрайлы сөйлеседі. Осы жағдайды өзгерту үшін мемлекеттік қызметкерлердің коммуникативті құзыретін дайындап, оны алдағы уақытта мемлекеттік органдарға жібереміз.

Бұған қоса мемлекеттік қызметкерге еркін киінуге мүмкіндік берілмек. Биыл агенттік пилоттық жоба негізінде casual, яғни жұма күні дресс-кодсыз киіну тәжірибесін енгізді. «Бастама мамандардың әлеуетін аттыруға мүмкіндік береді», – дейді агенттік басшысы. Ал мемлекеттік қызметке қатысты ең басты жаңалық деп оңтайландыру және бюджет шығындарын қысқарту жөніндегі жұмыс жалғасатынын айтуға болады. 2018 жылы агенттік орталық аппараты қызметкерлерінің саны үштен бірге қысқартылды. Соның арқасында жұмыстың сапасы мен жұмысшылардың айлығы кәдімгідей өскен екен. 

Хабар 24 телеарнасы