418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы тұрғыны қазақ эпостарын ұялы телефоннан тыңдайтын мобильді қосымша ойлап тапты

  • 1718
  • UPD: 08:58, 08.02.2019

Дала фольклоры енді ұялы телефонда. Алматылық азамат қазақ эпостарын сандық технологияға көшірді.

Екі жылдық еңбектің нәтижесі өнер сүйер қауымға жол тартты. Қазақ әуенінің қаймағын сақтап қалған өнертапқыштың жұмысын жыршылар жоғары бағалап отыр.

Қыз жібек пен Қобыланды жырын күйтабақтан тыңдап өскен Жансерік Сүйінбаев ұмыт болған эпостарды ұрпаққа қалдырудың жаңа жолын тапқан. Екі жыл бұрын қолға алған мақсаты жақында орындалды. Автордың айтуынша, ұлы дала тарихындағы үш жүзден аса батырлар жырының бар болғаны елуі бүгінге жеткен. Оның әзірге он бірін әрең тапқан жоба авторы күйтабақтарды сандық технологияға көшіріп, мобильді қосымша жасап шықты.

Жансерік Сүйінбаев, «Qazepos» мобильді қосымшасының авторы:

– Күйтабақтардың көбісі жоғалып кеткен. Оның сапасы төмендеген. Оны цифрлау қиын болған соң мен оларды жарнамалардан іздеп, тауып, цифрлауға тырыстым. «Мелодия» компаниясынан түпнұсқаларынан, солардың мұрағаттарынан алдырттым.

Қазақ эпостарын ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп, жеткізіп жүрген жыршылардың айтуынша, өнертапқыштың «Qazеpos» мобильді қосымшасы – қазақ әуендерін сақтаудағы тиімді жолы. Өйткені алтын қорда ғана сақталған батырлар жыры тыңдарманға әрқашан қолжетімді емес. Бұдан былай ұлы дала эпостарын тыңдаймын деген жұрт үшін ұялы телефон болса жеткілікті.

Күні кеше ұялы телефон қосымшасын толықтырған бағдарламаны тоқсаннан аса адам көшіріп үлгерген. Ал 1960-1980 жылдары орындалған батырлар жыры Мәскеудегі «Мелодия» компаниясының қорында сақталған екен.

Автор бірқатар күйтабақты аталған компаниядан алған. Бұл бағдарлама жақында андроид жүйесінде де жарық көреді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Қанат Қаматаев

Хабар 24 телеарнасы