384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қоғамдық кеңестер еліміздегі ең өзекті мәселелерге қозғау салды

  • 848
  • UPD: 19:47, 08.02.2019

Осыдан үш жыл бұрын еліміздің барлық аймағында қоғамдық кеңестер құрылған болатын. Ұлт жоспарындағы «100 нақты қадамды» жүзеге асыруға үлес қосып келе жатқан бұл институт аз уақытта қоғамдағы ең өзекті мәселелерге қозғау салды.

Оның белсенді мүшелері әр саладағы кемшін тұстарды анықтап, жауапты мамандарға жеткізді. Кейін оның қағаз жүзінде қалмай, түбегейлі шешілуін қадағалады. Сонымен қоғамдық кеңестің қоғамға берген пайдасы қандай? 

Журналист Жәнібек Садықанов Қарағандыдағы қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі. Шаһардағы талай түйткілді мәселелердің шешілуіне ықпал жасап келеді. Бүгін де әріптестерімен бірлесіп, қала мектептеріндегі жылу жағдайын тексере шығыпты. Себебі соңғы күндері Арқада аяз күшейіп тұр. Ал жалпы осы үш жыл ішінде кеңес мүшелері 60-қа жуық отырыс өткізіп, өңірдегі ең өзекті мәселелерді жергілікті билікке жеткізген.

Жәнібек Садықанов, қоғамдық кеңес мүшесі:

- Мектептерге былтыр 20 миллионнан астам көбейткіздік ремонтқа. Содан кейін жолдар мәселесін дұрыстап жасайтындай етіп сапаларын көтердік. Судың тарифін азайтық. Өте қымбат алады екен бюджеттік мекемелерден. Соны азайтуға үлесімізді қостық.

Ал Орал қаласындағы қоғамдық кеңес коммуналдық кәсіпорын басшылығы қоқыс шығару құнын жан басына шаққанда 300 теңгеге көтеруді ұсынғанда, оның негізсіз екенін дәлелдеп, тарифті өзгеріссіз 160 теңгеде қалдыруға ықпал етті. Түзету орындарынан шыққандар мен кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыру жайы да қоғамдық институт мүшелерінің көмегімен оң шешілді. Дегенмен кеңес қызметінде кездесетін қиындықтар да аз емес. Соның бірі - қаржыландыру мәселесі және кеңес мәртебесінің заңды түрде айқындалмауы, - дейді олар.

Бақытжан Нұрбаев, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы:

-Азаматтардың өтініштерін бір адам қабылдап, жүйелеп, жолдап отыруы тиіс. Әкімдік пен мәслихат көмегімен бір штат ашып, хатшыны жұмысқа алдық. Оның жалақысы мардымсыз. Оған қосымша ақша мен ғаламтордың шығынын қалтамыздан төлеп отырмыз. Кеңес мүшелері тексеруге қалай барады, сараптаманы қалай тартады? Ол заңда көрсетілмеген. Осы мәселелер былтыр да көтерілді. Әзірге нәтиже жоқ.

Кеңес жұмысында көлденең кездесетін осы секілді көптеген мәселелерді жергілікті делегаттар аталған ұйымның 2-республикалық мәжілісінде көтермек. Қоғамдық институт мүшелерінің біліктілігін халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып арттыру жұмысы да келешекте жолға қойылса дейді олар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Ерденбек Жылқайдарұлы

Хабар 24 телеарнасы