423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында ауызсу мәселесі өткір тұр

  • 1402
  • UPD: 13:50, 09.02.2019

Халықты таза сумен қамту көрсеткіші 30 пайыздан аспайды.

Бүгінде «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша су құбырларының құрылысы жүріп жатыр. Солардың бірі Май ауданында басталған болатын. Жергілікті атқарушы билік биыл құрылыс аяқталып, тіршілік нәрі елді мекендерге жетеді деп уәде берді.

Ұзақ жылдар бойы Май ауданы облыста әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан артта қалып келген болатын. Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерген. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жеке инвестициялардың арқасында халықтың тұрмысы жақсара түсті. Жері шұрайлы өлке мал өсіруге қолайлы. Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шаруа қожалықтары 670 бас асылтұқымды ірі қара сатып алған. Үстіміздегі жылы бұл көрсеткішті екі есеге арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар құны 231 миллион теңгеге түскен 49 ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Алғаш рет ауданда суармалы егіс алқаптары қайта қалпына келтіріліп жатыр. 

Ғибадат Арынов, аудандық мәслихаттың хатшысы:

- Ауданда 370 гектар суармалы жер қайтадан жандандырылды. Сонымен қоса осы 19 жылдан бастап 1800 гектар тағы да суармалы жерлер іске қосылатынын жоспарлап отырмыз.

Май ауданында халықтың саны 10 мыңнан асады. 23 елді мекен, 11 ауылдық округ бар. Ауданда ауызсу мәселесі шешімін таппаған. Тұрғындар осы күнге дейін сапасы төмен суды тұтынуға мәжбүр. Жергілікті билік бұл мәселені 2010 жылы қолға алған болатын. Бірақ қаржы тапшылығынан кейінге қалдырылды. Міне, араға 8 жыл салып бұл жұмыс қайта жанданды. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 8,5 миллиард теңге бөлінді. Мердігерлер ұзындығы 148 шақырым су құбырының қазір 138 шақырымын тартып үлгерген.  Жоспарға сәйкес, 2019 жылы 15 елді мекен тіршілік нәрімен қамтылуы тиіс.

Анар Жітібаева, Көктөбе ауылының тұрғыны:

- Жылдан-жылға келе жатқан өзекті мәселелердің бірі осы Май ауданында.Былтырғы жылы басы басталып, 2020 жылға дейін созылмай, 2019 жылы су әрбір ауылға кірсе, бұл үлкен жұмыстардың бірі деп айтуға болады.

Халықты баспанамен қамту ісі де кезек күттірмейді. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында соңғы 3 жылда Май ауданында 4 мың шаршы метрден астам тұрғын үй бой көтеріпті. Осының арқасында пәтер кезегін 24 пайызға төмендетуге қол жеткен. Жергілікті билік ағымдағы жылы 1800 шаршы метр тұрғын үй тапсырылатынын сөз етті.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы