430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сыр өңірінде қоқыс өңдеу бағытындағы өндіріс орындарын ашуға басымдық берілмек

  • 1664
Сыр өңірінде қоқыс өңдеу бағытындағы өндіріс орындарын ашуға басымдық берілмек

Қызылорда облысында жылына 140 мың тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық жиналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда оның 4 проценті ғана қайта өңделеді. Қалғаны арнайы полигондарда үйіліп жатыр. Дегенмен алдағы уақытта аймақтағы қалдықтарды өңдеу үлесін 60 процентке жеткізу жоспарда бар.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Автокөлік шинасын жерге көмсек, 150 жылға дейін шірімейді. Ал осындай дөңгелектің 1 тоннасын өртесе, ауаға 250 келі күл тарап, 450 келі уытты газ бөлінеді екен. Енді экологиялық заң бойынша барлық ұйымдар шиналарды арнайы кәдеге жарату орындарына тапсырады. Ал жеке тұлғаларға оның әр келісі үшін 5 теңгеден ақы төлеу де қарастырылған.

Қызылордада әзірге автокөліктің ескі дөңгелегін қайта пайдаға жарататын бір ғана өндіріс бар. Онда спорт алаңдарына арналған резеңке үгінділер мен су түтікшелері шығарылады.

Тимур Қошманов, кәсіпорын директорының орынбасары:

– Шикізатты жеке адамдар ақшаға тапсырады. Бізде қазір су тапшылығының кесірінен көп егіс егілмей қалып жатыр, соның арқасында біз өз түтікшемізбен 70 пайызға дейін суды үнемдеп, экологияға пайдасын тигізіп жатыр.

Темір тұлпарлардың тозған дөңгелектері кәдеге жаратыла бастады. Дегенмен одан өзге мыңдаған тонна қатты тұрмыстық қалдық әр жерде тау болып үйіліп жатыр.

Мәселен, Қызылорда қаласындағы 20 жылдан астам уақыт пайдаланып келген қоқыс полигоны аузы-мұрнынан шығып тұр. Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап отқа қауіпті қалдықтарды, пластмасса мен полиэтилен қалдықтарын, құрамында сынап бар шамдар мен басқа да заттарды, түсті және қара металдардың сынықтарын тұрмыстық қалдықтармен бірге көмуге тыйым салынды. Осыған байланысты жыл соңына дейін қауіпті қалдықтарды бөлек жинау және кәдеге жарату үшін сұрыптау кешенінің құрылысы жоспарланған.

Болат Бисенбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Сұрыптау кешені іске қосылған жағдайда қалдықтарды өңдеу үлесін 60 пайызға дейін жеткізу жоспарымызда бар. Қуаттылығы жылына 60 мың тоннаға арналған. Сонымен қатар қалдықтарды бөлек жинау мақсатында Қызылорда облысына 2018 жылы 850 арнайы бөлек контейнер қойылды.

Бүгінде облыстың елді мекендерінде өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін полигондар салуға 145 жер учаскесі бөлінді. Қазалы және Қармақшы аудандарында 2013-2015 жылдары полигондар салынды, ал Арал және Сырдария аудандарында полигон құрылысының жобалары дайындалды. Дегенмен болашақта түрлі мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана отырып, қоқыс өңдеу бағытындағы өндіріс орындарын ашуға басымдық берілмек.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы