387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл елімізде әлеуметтік салаға жұмсалатын қаржы мөлшері ұлғаяды

  • 1325
  • UPD: 20:57, 11.02.2019

Бұл қаржы республикалық бюджеттің 44 пайызын құрамақ. Қомақты қаражат ауыз сумен қамту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, білім сапасын арттыру мен шағын несие аясын кеңейтуге бағытталады. Бұл туралы үкіметте өткен брифингте Қаржы министрі мәлімдеді. Сала басшысы көп балалы аналарға көрсетілетін көмектің де артатынын айтты.

Былтыр елімізде мұнайға экспорттық баж салығы өсті. Әлемдік нарықта қара алтын құны едәуір қымбаттады. Сәйкесінше қазба байлықтан халыққа тиесілі пайда да ұлғайды. Қаржы министрлігінің есебіне жүгінсек, барлық деңгейдегі бюджет кірістері артығымен орындалған. Әсіресе, мұнай экспортына салынатын баж салығының көлемі 214 млрд теңгеге ұлғайып отыр. Оның сыртында корпоративтік және қосылған құн салығының өсімі 500 млрд теңгеден асты.

Әлихан Смайылов, ҚР қаржы министрі:

- Республикалық бюджетте әлеуметтік шығыстар үлесі 2017 жылы 34% болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 44,4%-ды құрады. Шығыстардың басым бөлігі: халықты ауыз сумен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, шағын кредит беруді кеңейтуге бағытталды.

Бюджет кірістері елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсалуы тиіс. Бұл дегеніміз, жаңа білім ошақтары, аурухана, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін көмек. Былтыр қазынаға түскен қосымша табыс сол міндеттерді жүзеге асыруға сеп болады. Министр Смайылов осылай деді. Өйткені биыл әлеуметтік саланың әр қайсысына миллиардтап қаржы құйылады. 

Әлихан Смайылов, ҚР қаржы министрі:

- Соның ішінде әлеуметтік қорғау және көмек көрсетуге 3 трлн 43 млрд теңге, денсаулық сақтауға 1 трлн 117 млрд теңге, білім беруге 583 млрд теңге бөлінеді. 21 жылы 49,1 процентке жетеді жалпы шығындардан. Бұған қоса орта мерзімде денсаулық пен білімге бөлінетін қаржы 10 процентке жетеді деп президент тапсырма қойып отыр.

Көпбалалы аналардың мәселесін үкімет жақын арада шешіп беруге уәде етті. Қазір олардың ай сайынғы жәрдемақысын ұлғайту жөнінде ұсыныс қаралып жатыр. 5-6 баласы барлар 20 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде жәрдемақы алса, әйелдердің жұмыс істеуіне қажеттілік болмайды. Қоғам белсенділері осылай деп отыр. Оған қоса тұрғын үймен қамту жайы арнайы құрылған жұмыс тобының отырысында қаралуы тиіс.

Әлихан Смайылов, ҚР қаржы министрі:

- Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін жеке қарастырып жатырмыз. Қысқа мерзімде ұсыныстар берілетін болады. Біз түсініп отырмыз, көпбалалы аналардың жағдайы нашар. Оларға көмек қолжетімді болуы керек.

Биыл бюджет қаражатының 45 пайызы әлеуметтік салаға бағытталса, келер жылы көрсеткіш 50-ге жеткізіледі. Бұл үкіметке президент берген тапсырма. Одан бөлек, атқарушы орган алдында тұрған тағы бір маңызды міндет бизнеске түсетін ауыртпалықты азайту. Осы мақсатта, елдегі 90 мың кәсіпкердің айыппұлдары мен өсімпұлдары жойылды. Алдағы уақытта, үкімет бюджет тапшылығын да азайтуды жоспарлап отыр. Оның көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 1,2 пайызға қысқарған. Ал мемлекеттік қарыз 14,5 триллион теңге. Бұл әлемдік тәжірибе бойынша қалыпты көрсеткіш дейді сала өкілдері.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы