384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында ақылы жол ашылды

  • 709
  • UPD: 23:42, 11.02.2019

Астана мен Теміртау арасына көлікпен қатынайтындар бұдан былай ақша төлейді. Жол бойына орнатылған пост-терминалдар іске қосылды. Мамандар онан жылына 1,5 миллиард теңге қаржы түседі деп болжап отыр. Бұл ақша келешекте автобанды жөндеуге, жол бойындағы қызмет сапасын жақсартуға жұмсалмақ. Сонымен жеңіл және жүк көліктері үшін жол ақысы қанша болады?

Астана мен Теміртаудың арасын жалғап жатқан 170 шақырымдық жол осыдан он шақты жыл бұрын дәл осындай екі жолақты болатын. Тар жолда талай көлік соқтығысып, жүздеген адам жан тапсырды. Сондықтан еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін байланыстыратын көлік дәлізін әлемдік стандарт талаптарына сай етіп жасау ұйғарылған еді. Сөйтіп, 2013 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасымен автобан құрылыс басталып, үш жыл бұрын қолданысқа берілді. Ал күні кеше мұнда ақша алатын пост-терминалдар іске қосылды.

Бауыржан Камалиден, «Қазавтожол» ҰК Бизнесті басқару басқармасының басшысы:

- Ақылы жолдан түскен қаражатты біз яғни осы жолды күтіп ұстау, оны жөндеуге және жолды дамытуға, яғни, жол бойындағы қызмет көрсету орнын дамытуға жұмсаймыз. Бізде қазір бағдарламамыз бар. Яғни осы жол бойындағы жылы дәретханаларды және павильондарды орнатамыз.

Жол құны қолма-қол төлейтіндер үшін 400 теңге, ал алдын ала төлесеңіз 200 теңге. Бұл бекеттің бойында көлік кептелісі болмас үшін жасалып отырған жеңілдік. Ақшаны кез-келген терминал немесе ғаламтор арқылы төлеуге болады. Ал жүк көліктеріне жол ақысы салмағына қарай бағаланбақ. Ең қымбаты 3300 теңге шамасында.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Егер жол ақысын алдын ала төлеп қойсаңыз, біріншіден ақшаңызды үнемдейсіз, екіншіден уақыт жоғалтпайсыз. Мәселен, мына камералар көлігіңіздің мемлекеттік тіркеу номерін автоматты түрде базадан тексереді. Егер есеп-шотыңызда ақша болса мына шлагбаум бірден ашылады.

Мамандардың айтуынша, бұл жолдан тәулігіне 12 мың, ал жаз айларында 20 мыңға дейін көлік өтеді екен. Сондықтан жылына 1,5 миллиард теңге қаржы түседі деп болжанып отыр. Бұл ақша келешекте төрт жолақты автобанды күтіп ұстауға жұмсалмақ.

Назарбек Әмірбеков, көлік жүргізушісі:

- Мынадай жақсы жолға 200 теңге деген қымбат емес. Жолдың сапасы жақсы. Если алдын ала төлесек, пробка болмайды, дальше кете береміз. Если Алматыға дейін жол осылай нормальный болса, жақсы болады келешекте.

Тағы бір айта кететін жайт, тас жол маңындағы елді мекен тұрғындары үшін жылдық абонемент 1000 теңгені құрайды. Мамандар алдағы бірер жылда елімізде 5500 шақырымдық дәл осындай 14 жол учаскесі ашылатынын айтады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы