Отырарлық жастар жұмыссыз қалмайды. Жақында ғана Елбасы Жастар жылының басталуына орай өткен салтанатты шарада жұмыспен қамту мәселесін реттеуді тапсырған болатын. Осыған орай Түркістандағы Күлтөбе қалашығы маңында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарына Отырар ауданының жұмыссыз жастары жұмылдырылды.
Жалпы ауданда 13 мыңнан астам жас болса, соның 3,5 пайызы екі қолға бір күрек таппай жүргендер. Енді Отырар ауданының әкімдігі мен Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты аудандағы жұмыссыз қыз-жігіттерді толықтай қазба жұмыстарына тартуды жоспарлап отыр. Бүгінде ауданнан келген 20 жас қызметтеріне білек сыбана кірісіп те кетті. Ал наурыз айында олардың саны еселене түспек. Қазба жұмыстарына тартылғандар «көне жәдігерлердің жарыққа шығуына өз үлесімізді қоссақ» дейді.
Асқар Қуандық, Отырар ауданының тұрғыны:
- Күлтөбе қалашығында үлкен қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы сәтке дейін жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде 17-19 ғасырларға тән үй құрылысын, ошақтар, тиындар археологтар ретінде тарихтың жарыққа шығуына өз үлесімді қосамын.
Ерлан Айтаханов, Отырар ауданының әкімі:
- Бұл енді тек бастамасы. Наурыз айларында сұраныс көбейеді 200 адамға дейін қызметкерлер керек болады деді. Соған біз қазірден бастап, 13 ауыл округіміз болса жұмыс істейтін жастарды біз жинақтап жатырмыз. Аудан әкімдігі ретінде міндеттеме алдық, еңбек ресурсімен қамтамасыз етуге. Осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр.