378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық студент химиялық препараттарды алмастыратын тиімді тәсіл ұсынды

  • 833
  • UPD: 15:27, 12.02.2019

Аграрлық білімді дамыту, жаңа технологияларды енгізу және әлемге танымал қазақстандық өнім алу, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгін еліміздің аграрлық жоғары оқу орындарының студенттері осы бағыттағы бірнеше жобасын халықаралық форумда таныстырды.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 3 курс студенті Бағдат Сұлтанның форумда таныстырған жобасы күйіс қайыратын малдың паразитті ауруын жұқтырмаудың алдын алуға негізделген. Биологиялық тиімді тәсілді қазіргі уақытта Түркістан облысында үш шаруа қожалығы іс жүзінде қолданып келеді.

Бағдат Сұлтан, ҚАЗҰАУ 3 курс студенті:

- Бұл әдістің негізгі ерекшелігі – экологиялық-экономикалық тиімділігінде. Химиялық препараттарды кез келген шаруа қожалығы 200-400 мың теңгеге сатып алады. Ал біздің биологиялық ұсынып отырған әдісіміз қаз бен үйректі бар-жоғы 30 мың теңгеге сатып алып, жайылымдық жерге жаяды. Қаз бек үйректің ерекшелігі, олар сулы жерде өмір сүреді. Сулы жерде паразиттерді жеу арқылы азықтанады.

Халықаралық форумда еліміздің студенттері 40-тан аса жобаны таныстырды. Олардың қатарында агротуризм, өсімдік шаруашылығындағы агроинновация, табиғи ресурстарды басқару, ветеринария, жасыл экономика салалары бойынша іргелі зерттеулер бар. Университет қабырғасында жұмыс істеп тұрған «Агро Хаб» аясында қолға алынған жобалар бүгінде Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында тәжірибеден өтуде. Тиімді жобалардың шетелдіктер тарапынан қолдау тапқандары да бар.

Қуантар Алиханов, ҚАЗҰАУ жас ғалымдар кеңесінің орынбасары:

- Қытай университетімен бірлесіп жаңа азық және қоспалар түрін жасауды қолға алып жатырмыз. Алдағы уақытта шетелдік ғылыми жобаларды енгізу бойынша әріптестікті дамытамыз.

Ресми мәліметтер бойынша, ауыл шаруашылығында 2337 маман жетіспейді. «Ал шын мәнінде бұл көрсеткіш бұдан да көп», – дейді мамандар. Себебі, елімізде 230 мыңнан астам агроқұрылым жұмыс істейді, 187 мыңы шаруа қожалықтары. Олар жер көлемі, мал басы аз болғандықтан, жоғары білімді маман шақырып, инновацияны енгізуге құлықты емес. Ал бүгінгі халықаралық форум білікті маман да, жаңа ізденістер де бар екенін көрсетті.

Үкіләй Керімова, профессор, э.ғ.д.:

- Екінші курстан бастап барлық мамандықтарға Агробизнесті ұйымдастыру деген сабақ кіргізіп жатырмыз. Оның себебі біздің балалар оқу бітірген кезде бизнес жоба жасап, барған жеріне өзінің бизнес жобасын ұсыну, тек дипломмен ғана бармайды, өзінің жобасымен де барады. Жасаған бизнес жоспары оның дипломдық жұмысының бір бөлімі болуы керек.

Халықаралық форум аясында дәстүрлі «Халықаралық қысқы мектеп» жұмысын бастады. 2 апта бойы 12 елден келген ауыл шаруашылығының ғалымдары студенттерге дәріс оқиды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Әбжанов, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы