383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жезқазғанда 9 жыл бұрын басталған ветеринарлық зертхананың құрылысы аяқсыз қалды

  • 592
  • UPD: 21:17, 12.02.2019

Жезқазған қаласындағы ветеринарлық зертхананың құрылысы осыдан 9 жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттің 100 миллион теңгесіне салынған ғимарат әлі күнге қаңырап бос тұр. Құрылысының 97 проценті аяқталып тұрған мекеменің неліктен қолданысқа берілмей отырғанын жауапты мамандардың өзі дөп басып айта алмай отыр. «Ал мұндағы ескі зертхананың жұмысы мүлдем талапқа сай емес», – дейді жергілікті тұрғындар.

Мысты шаһардағы ветеринарлық зертхананың құрылысы 9 жылдан бері тоқтап тұр. Жоспар бойынша жезқазғандық мамандар 2013 жылы жаңа ғимаратқа көшулері керек еді. Алайда мердігер компания жұмысты аяқсыз қалдырып кеткен.

Серікбек Көпбаев, Жезқазған қаласы ауданаралық ветеринарлық зертханасының маманы:

– 2013 жылдан бері бұл ғимарат бос тұр. Өзінен өзі тозып кететін болды. Сондықтан жоғары жақтан тездетіп бітіріп, бізге берсе деп ойлаймын.

Қазір зертхана құрылысының 97 проценті аяқталып тұр. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттің 100 миллион теңгесі жұмсалған. Бірақ нысан әлі күнге қолданысқа берілмеді. Оның нақты себебін құрылысқа тапсырыс беруші тараптың өзі дөп басып айта алмай отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті өкілдерінің келтірген бар уәжі 2015 жылдан бастап бюджет қаражатын үнемдеуге байланысты құрылысқа ақша бөлуге мораторий жарияланған.

Салтанат Әбілқасымова, Қр АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары:

– Ветеринарлық зертхана құрылысы туралы мердігермен келісімшартқа отырған болатынбыз. Комиссия құрылыстың қандай жағдайда тұрғанын қарайды, баға береді. Қазіргі таңда қаражат мүмкіндігін қарастырып жатырмыз.

Жаңа ғимаратқа қаржы табылғанша, қаладағы ескі зертхана жұмыс істей бермек. «Бірақ ол нысанның тең жартысы әлдеқашан жеке адамның меншігіне өтіп кеткен», – дейді жергілікті жұрт. Онда қазір дәмхана орналасыпты. Мал етінің ауруын анықтайтын зертхана жанында қоғамдық тамақтану орнының болуы талапқа сай емес деп, жұрт қалалық әкімдікке шағым жолдаған. Қазір бұл арыз жергілікті биліктің хатымен бірге қоғамдық денсаулықты қорғау департаментіне жіберіліпті.

Аманғали Мұхамбедин, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:

– Департамент қазір бұл шағымды қарау үстінде. Қалалық прокуратураға тіркеп, тексеріс болады деп ойлаймыз. Егер заңбұзушылық анықталса, сотпен жауып тастауға дейін барады. Болмаса иесі оны жауып, басқа кәсіп түріне көшуі мүмкін.

Айта кету керек, қаңырап бос тұрған зертхана ғимараты жекеге сатылуы мүмкін деген алып-қашпа ақпаратты комитет өкілдері жоққа шығарып отыр. Керісінше қаражат бөліп, құрылысты аяқтау жоспарда екен.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы