385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


М. Әбілқасымова: Көмекке мұқтаж жанұялардың тұрмысын жақсарту үшін шаралар қабылданады

  • 915
  • UPD: 20:07, 12.02.2019

Әлеуметтік-экономикалық даму сараланған бүгінгі Үкімет отырысында қаржы секторындағы оң өзгеріс де аталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, биылғы қаңтарда айлық инфляция 0,5% құрап, жылдық инфляция 5,2% дейін бәсеңдеді. Өткен айда теңге де күшейді. Мәселен 8 ақпандағы жағдай бойынша теңге бағамы жыл басынан бері 1,4% нығайып, бір доллар 378,73 теңгені құрады. «Бұған мұнай нарығындағы тұрақтылық пен Ресей рублінің нығаюы себеп», – деді Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев. Ал Қаржы министрі Әлихан Смайылов қаңтарда бюджеттің барлық деңгейіндегі кірістер артығымен орындалғанын мәлімдеді. Мемлекеттік бюджеттің кірісі 593 миллиард теңгені құрады. Қазынаға 130 миллиард теңгеге артық қаражат түсті. Тек кіріс бөлігі емес, шығыстардың да орындалуы көңіл көншітеді.

Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі:

– Шығыстардың орындалу пайызы былтырғы жылдың бір айлық кезеңімен салыстырғанда жоғары. Мемлекеттік бюджет шығыстары – 94, республикалық – 95,3% жергілікті бюджеттер – 92,1% атқарылды. Жергілікті қазыналардың шығыстары 190 млрд теңгеге игерілді.

Ал Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін құрылған арнайы жұмыс тобы қазір нақты әрекеттерге көшкен. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін тілшілермен жүздескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі айтты. Мәдина Әбілқасымова мәлімдегендей, көпбалалы отбасылардың тұрмысын жақсарту үшін өтініш, ұсыныстар жиналып жатыр. Жергілікті жерлерде оны жинақтайтын жедел штабтар құрылды. Жұмыс тобының бірінші отырысы өткен аптада өтті. Келесісі ақпанның 14-і күні, яғни алдағы бейсенбіде өтеді.

Мәдина Әбілқасымова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Біз жұмыс тобына қоғам мүшелері мен сарапшыларды қосуды жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік көмекке мұқтаж жанұялардың тұрмысын жақсарту үшін кешенді шаралар қабылданады. Қазір есеп жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік көмек бойынша отбасылардан көптеген ұсыныс түсті. Жәрдемақы, баспананың қолжетімділігі сынды мәселелермен жүгінгендер де аз емес.

Хабар 24 телеарнасы