386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздегі қауіпті аймақтар көктемгі су тасқынына қаншалықты дайын?

  • 1541
  • UPD: 20:08, 12.02.2019

Көктем келсе, көк мұз еріп, сең жүріп, ағын судан қауіптене бастаймыз. Себебі осыған дейін оның зардабын талай тарттық.

Бүгінде Қызылорда облысындағы Сырдарияның су деңгейі айтарлықтай төмендеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Десе де, су жайылуы мүмкін 56 аумағында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. «Төтенше жағдай кезінде жұмылдырылатын техника мен жұмыс күші де дайын», – дейді мамандар. Былтыр Сыр өңірінде өзен бөгетіндегі 26 қауіпті учаске нығайтылды.

Асылбек Шәменов, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы:

– «Қазавиаспас» АҚ келісімшартқа отырған 2 тікұшағымыз дайындыққа келтірілген. Басқа да инерттік материалдар, қаптық тараларымызда барлығы жасақталған. Қазіргі таңда дария өзеніндегі судың деңгейі бір қалыпты.

Ал Жамбыл облысының Шу, Қордай, Сарысу аудандарындағы Тасөткел, Қарақоңыз, Ынталы су қоймаларын жөндеуге 2,7 миллиард теңге қажет. Бұдан бөлек, Талас ауданындағы Ақкөл су бөгетіне де құрылыс жұмыстарын жүргізу қажет. Қазір барлық нысанның жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, бюджетке тапсырыс берілді. Бұл қаржыға бөгеттерді темір бетонмен қаптап, автоматтандыру көзделген. Мамандар қазіргі таңда өңірде судан келетін қауіп жоқ деп отыр. Облыста түскен қар жылдық мөлшерден төмен болғандықтан, судың деңгейі тек 60 процентті құраған.    

Қазыбек Бедебаев «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары:

– Қазір жол картасы бойынша Ақкөл бөгетін жөндеу жұмыстарын жүргізбекшіміз, қазіргі жағдайда жобалық-сметалық құжаттамасы бітті. Оның құны – 932 миллион теңге, жұмыстардың ішіне кіретіні – бөгеттің жағдайын күшейту.

Атбасардағы Жабай өзені де көктемде арнасынан аспауы мүмкін. Жергілікті билік өкілдері биыл осындай болжам жасап, үміттеніп отыр. Оған негіз бар. Жабайдағы қорғаныс бөгетінің бұзылған 6 жері қалпына келтіріліп, қауіпті деген тұстары нығайтылды. Сондай-ақ «Атбасар-Қима» тасжолының бойынан секундына 40 текше метр суды өткізе алатын құбыр салынды.

Марат Асқаров, Атбасар қаласының әкімі:

– Біз бірінші кезекте өзеннің Алматы-Екатеринбург халықаралық тасжолы мен теміржол көпірі арасындағы аумақты тазаладық. Бұл – 3 мың метр жер. Ал өзеннің табанын 1 метрге дейін тереңдеттік. Бұл жұмыстар жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен жүргізілді. Яғни әкімдіктен бұған ешқандай қаржы қарастырылмаған.

Оралда да көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары басталды. Қала аумағындағы қалың қарды шығаруға жол пайдалану кәсіпорнының 100-ден астам техникасы мен 300-дей жұмысшысы жұмылдырылған. Қазіргі таңда қала мен барлық облыс аумағында еріген қар суынан келетін қауіп бұлтын сейілту бағытындағы жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр.

Жасұлан Жұмашев, облыстық ТЖД бастығы:

– Резервте 93 мың қап бар. Өзендердегі мұздарды жармаймыз, құралдармен мұзды ойып алып тастаймыз. Бұрын болмап еді, 2017-2018 жылдары үшеуін сатып алдық.

Ал Петропавлда биыл жалпы ұзындығы 12 шақырымнан асатын жаңа суағар жүйесі салынады. Бұл жұмыстар қала шетінде орналасқан «Жұмысшы кентінде» жүргізіледі. Өйткені бұл шағын ауданды әр көктем сайын су басатын көрінеді. Енді республикалық бюджеттен 320 миллион теңге қаржы бөлініп, сәуір-мамыр айларында құрылыс жұмыстары басталмақ. «Жалпы қазіргі таңда өңірде көктемгі су тасқынынан қауіп жоқ», – деп топшылап отыр мамандар.

Авторлары: Ж.Біркенов

Хабар 24 телеарнасы