387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында «7-20-25» бағдарламасымен үй салынатын аймақтар анықталды

  • 1118
  • UPD: 21:42, 12.02.2019

Алматы облысының Қарасай ауданында «7-20-25» бағдарламасына қызығушылық артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде 222 азаматтан өтініш қабылданып, құжаттары екінші деңгейлі банктерге жіберілген. Қазір аудан орталығындағы екі тұрғын үй кешенінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Қаскелең қаласындағы «Қарлығыш» ықшам ауданында «7-20-25» бағдарламасымен көпқабатты 31 үй салынбақ. Бүгінде оншақты үйдің қабырғасы қаланып, алғашқылары пайдалануға беріле бастаған. Ал 97 отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, жайғасып та үлгерген.

Әнел Сарқұлова, Қаскелең қаласының тұрғыны:

– Үш қызым бар. Үш бөлмелі пәтер алдық. Кең, жарық. Өзімізге ұнайды. Осындай бағдарлама жасалып, жастарға мүмкіндіктер туып жатқанына алғыс.

«Бір және екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс көптеу. Өйткені есеп айырысу жеңіл болады. Мәселен 2 бөлмелі пәтерге ай сайын 57 мың теңге төлеу керек. Бұл орташа күнкөрістегі отбасылар үшін аса көп салмақ салмайды», – дейді сату бөліміндегі мамандар.

Тілеуқабыл Мыңжасар, тілші:

– Тоғыз қабаттан тұратын үй ортада орналасқан. Мұның айналасында 7 қабатты бірнеше үйлер болады. Бұл үйдің бірінші қабаты коммерциялық құрылымдарға беріледі. Яғни мұнда халыққа қызмет ететін бірнеше нысан жұмыс істейтін болады.

Жалпы бұл бағдарламаға қызығушылықты көбейткен – бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтіндердің бастапқы 20 проценттік жарнасының жартысына мемлекеттік субсидияның берілуі. Жаңа жоспар бойынша Қарасай ауданында таяу жылдары бірнеше ықшамаудан бой көтеріп, 200-ден астам көпқабатты үйлер мен таунхаустар салынбақ.

Жандарбек Далабаев, Қарасай ауданының әкімі:

– Сонымен қатар «Өмірұзақ» ықшамауданында 136 үй салынады. Ол 544 отбасыға беріледі деген жоспар бар.

Бүгінде Алматы облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша 26 аймақ анықталды. Онда салынатын үйлердің жалпы көлемі 4 миллион шаршы метрден асады. Соның 2,5 млн шаршы метрі 2025 жылға дейін пайдалануға беріледі. Сөйтіп 103 мың 700 отбасы қоныс тойын тойлайды.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы