387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде әрбір бесінші жеткіншек семіздіктің зардабын тартып жүр

  • 875
  • UPD: 10:08, 13.02.2019

Елімізде әрбір бесінші жеткіншек артық салмақтың зардабын тартып отыр. Бұған пайдасыз тағамдарды көп тұтыну себеп. Өткен жылы Астанада мектеп асханасына сапасыз тағам тасымалдаған 18 кәсіпкерге айыппұл салынды. Білім басқармасы олармен келісімді бұзған. Қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті тексеру жұмыстарын күшейте ма? Жаңа тасымалдаушыларға талап қандай? 

Гүлбану Әбенова Астана мектептеріндегі біраз асхананы аралаған. Арнайы комиссия құрамына енген ол балалардың жеп отырған асқа көңілі толмағанын жеткізді. Оқушылар тамақтанатын орындарға бейнебақылау камерасын орнату керек. Себебі жұмыртқадан жүн қырыққан жауапсыз кәсіпкерлер аз емес дегенді айтады.

Гүлбану Әбенова, ата-ана:

- Балалардың асханадағы дәмсіз тамақтарды жегісі келмейді. Сөйтіп, жол бойындағы дүкендерден жылдам дайындалатын өнімдерді алуға мәжбүр болады. Тыйым салынған тамақтарды жейді. Жаңа тендерге жауапкершілігі бар адамдар қатысса дейміз. Балалар үшін қауіпсіздік маңызды. Мысалы, ашықтық үшін картамен төлеу үрдісі ұнайды маған. Тек кей тасымалдаушылар оған қарсы. Себебі олардың көздегені пайда. 

Астанада түрлі деңгейдегі 100-ге тарта мектеп бар. Оқушылардың сапалы білім алуынан бөлек, дұрыс тамақтанғаны да абзал. Бірақ, расымен де, мектеп асханасына тағам тасымалдайтын кәсіпкерлердің жауапкершілігі әртүрлі. Өткен жылы ғана осындай 18 тасымалдаушыға айыппұл салынып, жұмысты жалғастыру бойынша келісімшарт бұзылған.

Дулат Жекебаев, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- 2019 жылдан бастап, 598 жаңа бұйрық бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Ол бұйрықтың ішіндегі өзгерістер мемлекеттік сатып алуға байланысты. Егер бұрынғы 717 бұйрық бойынша мектеп басшылары өздерінің комиссиясымен мемлекеттік сатып алулар жүргізсе, қазір оны мектеп те емес, білім басқармасы да емес, басқа арнайы орган конкурс өткізіп жатыр.

Жүйелі жұмыс нәтижесін беріп жатыр. Бұл №62 мектеп-лицейінің асханасы. Оқушылар бос уақытында ыстық бәліш жеп, шай ішуге келген. Айтуларына қарағанда, ұсынылған тағамдар олардың көңілінен шығады екен.

Диана, оқушы:

- Асхананың тамағы көңілімізден шығады. Үлкен үзіліс болған кезде келіп, шай немесе ыстық тамақ жейміз. Бағасы негізі қолжетімді. Аса қымбат емес.

Нұрай, оқушы:

- Біз сағат онда үшінші сабақтан кейін асханаға барып, дәмді тамақ жейміз. Менің кластастарым сүйсініп тамақ жейді. Өте дәмді. Анамның тәтті тоқашындай. Біз ыстық тамақтан жемейміз. Өйткені 1-4 класқа дейін бізге тегін. 

Мектепте 4 аптаға арналған арнайы ас мәзірі енгізілген. 

Айнұр Жазитова, №62 мектеп-лицейінің әлеуметтік педагогы:

- Таңғы астан бастап, балалардың ең соңғы тамақтануына дейінгі аралықта, мысалы, бір ғана ас мәзірі болатын. Толығымен бір күн бойы ботқа берілетін болса, күні бойы сол ботқалар берілетін. Қазір жаңа айтқанымдай таңғы кезде балалардың даму, жас ерекшеліктеріне байланысты тамақтану академиясы және Астана білім басқармасының келісуімен осы ас мәзірі енгізілген.

Халық даналығында «Ауру астан» деген бар. Салауатты емес тағам асқазан-ішек жолдары ауруларының, семіздіктің дамуына әкеп соғуы мүмкін. Осы орайда денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен мектеп асханасындағы ас мәзірінен шұжық, сүзбеше, газдалған сусындар алынып тасталды. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ержан Қанапияұлы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы