424.86 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семейде алғаш рет жүрекке күрделі операция жасалды

  • 1342
  • UPD: 22:46, 14.02.2019

Жағдайы хал үстіндегі науқастың кеудесін тілмей, ақауы бар қақпақша ауыстырылды. Әлемде озық технология саналатын мұндай операцияны түркиялық профессор Теоман Килич жүргізіп, семейлік дәрігерлерге шеберлік сабағын өткізді. Енді өңірдегі науқастар алысқа бармай-ақ жоғарғы сапалы медициналық көмек ала алады. 

Дамыған Еуропа елдерінде ғана жасалатын бұл күрделі операция қазір Астана мен Алматы қалаларында ғана емес, өңірлерде де қолға алынды. Озық технологияның ерекшелігі, жұмыс істемейтін қақпақшалар кеудені тілмей-ақ ауыстырылады. Науқастың сан артериясы арқылы жасанды қондырғы жүрекке қойылады.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Түркиялық профессордың шеберлік сабақтарына қазір 5 семейлік дәрігер қатысып жатыр. Озық технологияларды меңгерген олар болашақта өздері жүрек қауаына күрделі операция жасай алады. Бұл дегеніңіз өңірдегі жүздеген науқастардың өмірін сақтауға жол ашылды деген сөз.

Теоман Килич, интервенциялық кардиолог, профессор/Түркия/:

- Сіздердің дәрігерлер бірнеше ай Түркияда тағылымдамадан өтті. Өзім де Семейге келіп, шеберлік сабақтарын жүргізіп жатырмын. Жергілікті 5 маман әлемдегі ең озық технологияны толық игеріп шықты деп айта аламын.

Мексикалық мына жасанды қақпақшаның өзі ғана 6 миллион теңге тұрады. Ал оны жүрекке орнату операциясының құны шетелдерде 30 мың АҚШ долларына дейін жетеді екен. Озық тәсілдің тағы бір тиімді тұсы науқас операциядан соң аурухана төсегіне ұзақ таңылып жатпайды. Мамандардың айтуынша, 3 күннен соң өздігінен жүріп-тұра алады екен.

Ерсін Сәбитов, рентгенэндоваскулярлық зертхана бөлімінің меңгерушісі:

 - Бұрын осындай ауыр науқастарды біз отаға алмайтынбыз, өйткені бұл науқастардың жүрек лақтырысы өте төмен және жүрек тоқтау қаупі өте жоғары. Бірақ технологиялардың дамуымен біз ең ауыр науқастарға біз көмек көрсете аламыз. Бұл өте қымбат технология, бәрі мемлекет тарапынан төленеді, науқастарға республикалық квота арқылы келіп, жоғарғы сапалы медициналық көмек көрсетеміз. 

Қазір Семейдегі Медициналық Университет госпиталінің кардиохирургия бөлімінде 64 науқас емделіп жатыр. Енді олардың тағы үшеуіне осындай операция жасалмақшы.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы