389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодардың жас мемлекеттік қызметшілер мектебінде 300-ден астам студент тәлім алды

  • 786
  • UPD: 15:17, 15.02.2019
Павлодардың жас мемлекеттік қызметшілер мектебінде 300-ден астам студент тәлім алды

Павлодарда «Жастар дауысы» жас мемлекеттік қызметшілер мектебі жаңа маусымын ашты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл құрылым осыдан төрт жыл бұрын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің жанынан құрылған. Содан бері өңірдегі жоғары оқу орындарының 300-ден астам студенті осы мектептен тәлім алды.

Бүгінде жастар қоғамдық сананы жаңғыртудың қозғаушы күшіне айналған. Мемлекетіміз де оларға зор міндеттер жүктеп отыр. Сондықтан Жастар жылындағы барлық бастамалар қолдаусыз қалмайды. Ал мемлекеттік қызметшілер мектебінен өткен 300 адамның 70-і тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Бірі ауылдық округке әкім болса, енді бірі аудандық бөлімді басқарады. Бұл құрылымға оқу орындарының жоғары курс студенттері тартылады. Олар өз қатарластары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, құқықтық сауаттылықты көтеруге атсалысады. Оқу орындарында табысты жүзеге асып жатқан «Адалдық алаңы», «Сатушысыз дүкен» жобалары осының жемісі.

Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің ашылуы пікірталас алаңында өтіп жатыр. Облыс аудандары мен қалаларынан  жиналған жас шенеуніктер қол жеткен жетістіктері жайында әңгімелейді. Сонымен қатар үлкен экраннан алдағы жылы жүзеге асырылатын жобалар таныстырылады. Олардың қатарында студенттер клубы қызметінің «Саналы ұрпақ» және «Жетістікке апарар жол» жобасы бар. Өткен жылы жастармен бос орындар жәрмеңкелері, басшылық қызметте отырған лауазымды тұлғалармен  кездесулер ұйымдастырылыпты.  Жалпы, Павлодар облысы бойынша 3 мыңдай мемлекеттік қызметші бар. Олардың орташа жасы шамамен 39 құрайды.

Авторы: Қарлығаш Қасиетова

Хабар 24 телеарнасы