386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысындағы өндіріс орындарында мамандар тапшы

  • 647
  • UPD: 15:15, 15.02.2019

Қостанай облысында былтыр 1543 адам кәсіби қайта даярлықтан өтіп, оның 98 проценті тұрақты жұмысқа орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл көрсеткіш бойынша Тобыл өңірі елімізде көш бастап тұр. Алайда кадр тапшылығы әлі күнге күрделі күйінде қалып отыр. Мамандардың жетіспеушілігінен жұмысы алға баспай тұрған кәсіпорындар да бар. Облыстағы бірқатар өндіріс орындарының бас ауруына айналған бұл мәселенің мән-жайына тілшіміз үңіліп көрген еді.

Бір жыл бұрын ашылған мынау тігін цехында бүгінде 32 адам жұмыс істейді. Негізінен олар арнайы киімдер және мектеп формаларын тігеді. Тапсырыс көп. Алайда соны атқаратын жұмыс қолы тапшы.

Светлана Шипилкина, кәсіпкер:

- Құрал-жабдықтарды сатып аласың-ау, алайда онымен жұмыс істейтін адам табу қиын. Жақында заманауи 15 тігін машинасын әкелдік, соның үшеуі қаңтарылып тұр. Тағы 10-ын алсам деймін, бірақ сол тігіншілердің жоқтығы қолбайлайды.

Мұнда жұмыс істейтіндердің дені зейнет жасына тақағандар. «Күні бойы тапжылмай отырып, бір келкі киім тігуге жастардың шыдамдары да, шеберліктері де жетіспей жатады», – дейді кәнігі тігіншілер.

Ровзада Саужанова, тігінші:

- Мұндай костюмдерді комплектімен береді, екі комплектіні бір күнде тіге аламыз, басынан аяғына дейін. Енді қазіргі жастар сәнді көйлектер тігуге ынталанады. Арнайы киімдерге олардың көңілі тола қоймайды.

Ал Қостанайдағы автокөлік зауыты биыл өндірісті еселеп арттырмақ. Соған орай жоғары технологиялы желі де жұмыс істейтін дәнекерлеуші, сырлаушы және слесарь сияқты мамандардың қажеттілігі туындаған. Зауыт басшылығы жергілікті оқу орындарымен меморандумға отырып, кәсіпорын ішінен оқу кабинеттерін ашты.

Әлібек Құсайынов, автокөлік зауытының басқарма басшысы:

- Қазіргі таңда біздің зауытымызда 100 шақты студент тәжірибеден өтіп жатыр. Олардың арасынан біз іріктеп, тек жақсыларын аламыз. Қалғандарын оқу бітіргеннен кейін курстарға шақырамыз. 3 ай оқытамыз. Содан кейін жұмысқа тұруға болады.

Еңбекпен қамту орталығындағылардың айтуынша, ниет еткен адамға екі қолға бір күрек табылады. Қазір облыста 1900 бос жұмыс орны бар екен. Негізінен керегі сол жұмысшы мамандар. Алайда көпшіліктің қалауы сұранысқа сай келе бермейді. 

Аида Құсайынова, облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:

- Жұмыссыз адам келген кезде, нақты мамандығы болмаса, біз бірден қайта даярлықтан өтуге ұсыныс жасаймыз. Бірақ таңдау оның құқы, белгілі бір мамандыққа оқуға мәжбүрлей алмаймыз. Қазір еңбекпен қамту орталығы мен білім саласының алдында тұрған міндет – жастарды дұрыс мамандық таңдауға үйрету.

Кәсіпкерлер мен жұмыс іздеушілерге көмек ретінде жақында елімізде электрондық еңбек биржасы ашылды. Қазақстанның еңбек нарығындағы жағдайды сол порталдан бақылауға болады. Және ондағы ақпараттар күн сайын жаңартылып отырады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы