429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік кәсіпкер көпбалалы отбасыға пәтер алып берді

  • 1584
  • UPD: 21:56, 15.02.2019

Игі істен Ақтөбенің іскер азаматтары да сырт қалған жоқ.

Жергілікті кәсіпкердің бірі көпбалалы отбасыға пәтер алып берді. Келесі біреуі жалғызбасты анаға баспана тұрғызып бермек.

Қазір қалада арнайы мобильді топ құрылып, көп баласы бар отбасыларының жағдайымен жеке-жеке танысып жүр. Бұдан бөлек, облыс орталығының 4 аумағында азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдау мақсатында қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып жатыр.

8 баласы бар Сәдуова Салтанат ауылдан амалсыз көшіп келгенін айтады. Отағасы мен екі баласының денсаулығы сыр беріп, білікті дәрігер қажет болған. Қалаға қоныс аударғанына 4 жыл болыпты. Содан бері баспана зарын тарқан. Жер-жерде пәтер жалдап жүрген. Арасында ағайындарының үйін паналапты. Бұл арнайы мектепке баратын екі баланың жағдайына да әсер еткен.

Салтанат Сәдуова, көпбалалы ана:

– Мен Ақтөбеге Әйтеке би ауданынан көшіп келдім. Келген себебім, 2 балам мүмкіндігі шектеулі жан болғандықтан, арнайы мектепке бергім келді.

Көпбалалы ана қоғамдық қабылдауға барып, мұң-мұқтажын айтқан. Отбасының қиын жағдайын көрген кәсіпкер жаңа үйден пәтер сатып әперді. Балалардың қуанышында шек жоқ.

Сәдуовтар пәтерді «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданындағы су жаңа үйден алды. Ал 32 жастағы Галина Новикованың шиттей алты баласы бар. Жолдасы қайтыс болғаннан кейін тұрмыс жағдайы қиындап кеткен. Әрі басыбайлы баспана болмағаннан кейін әркімнің үйін паналап жүрген. Қаладағы Алматы ауданы әкімдігі бұл отбасын қамқорлыққа алып, көмек беріп жатыр. Ең бастысы, отбасылық кәсібі бар азамат үй салып беретін болды.

Галина Новикова, көпбалалы ана:

– Мен жер кезегінде тұрғанмын. Кезегім жақындап қалған еді. Қала әкімі менің жағдайымды түсініп, жер телімін бөлді. Енді сол жерге үй салып беретін азаматқа алғысым шексіз. Балаларымның өз баспанасы болады.

Айбек Өмірбаев, кәсіпкер:

– Жер аяғы қалай кеңиді, қар қалай кетеді, құрылыс бастауға ыңғайлы уақыт болады, сол уақыттан бастаймыз және оны жылдам салып беру керек.

Мобильді топтар мен қоғамдық қабылдау үш мыңнан астам адамның арыз-шағымын тыңдаған. Қазір осы бойынша тиісті жұмыстар жасалып жатыр. 203 адамға әлеуметтік көмек көрсетілген.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы