423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекеттік көмек кімдерге тиесілі?

  • 3672
  • UPD: 20:29, 15.02.2019

Алдағы уақытта ел ішінде бірыңғай әлеуметтік терезелер жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға мемлекет пен кәсіпкерлер тарапынан түрлі көмектер көрсету көзделіп отыр. Тың бастаманы «Нұр Отан» партиясы қолға алды.

«Жұрт үшін жасалып жатқан жақсылықтар аз емес». Сөз басын Мәулен Әшімбаев осылай бастады. Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы мен халыққа арнаған Жолдауы, өзге де стратегиялық құжаттары ел азаматтарының тұрмысын жақсартуға бағытталған. Бір ғана мысал. Республикалық бюджет пен әлеуметтік сақтандыру қорынан балалы отбасыларды қолдауға тек өткен жылдың өзінде 311 миллиард теңге бөлінген. Биыл бұл қаражат тағы 50 миллиард теңгеге ұлғайтылмақ. Мемлекеттің көмегі тек әлеуметтік төлемдермен шектеліп отырған жоқ. Кірісі төмен отбасылар үшін мекенжай бойынша берілетін жәрдем де бар.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Жалпы елімізде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын білесіздер. Бұл бағытты Елбасымыз мемлекеттік саясатымыздың негізгі басымдығы деп анықтап берген болатын. Президентіміздің соңғы Жолдауында да осыған ерекше мән беріліп, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында біраз тапсырмалар болғаны белгілі. Осындай жұмыстардан біздің тапсырмалардан біздің партиямыз да тыс қалып жатқан жоқ. Елбасының тапсырмаларының орындалуын бақылауға алып, сапалы орындалуына өзіміздің тарапымыздан мемлекеттік органдармен де, мемлекеттік емес ұйымдармен де тығыз жұмыс атқарудамыз.

Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қаржылық көмектерді барлық отбасылар бірдей ала алмай отыр. Бұған бюрократиялық кедергілер де себеп. Кейбір жанұялар мемлекеттік жәрдемнің бар екенінен де хабарсыз. Міне енді осының бәрін халық бірыңғай әлеуметтік терезеден біле алады. Ол партияның қоғамдық қабылдау бөлімдерінде орналасады. Яғни әлеуметтік көмекті алу сынды ақпараттар алдағы уақытта халыққа бір жерден беріледі. Мамандар қажетті кеңес беріп, құқықтық тұрғыда көмек көрсетеді.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Соның барлығын біз түсіндіріп, келіп жатқан адамдарға өзіміз көмектесіп, керек болса хабарласып, бұл мәселені бақылауға алып, соңына дейін жұмыс істейтін боламыз. Кәсіпкерлеріміз, мемлекеттік емес ұйымдарымыз бар. Содан кейін көмекті сұрап келетін адамдар болады, солардың бәрін біріктіріп, осындай бірыңғай әлеуметтік терезенің аясында да спонсорлық көмекті беру мәселесін жолға қойып жатырмыз.

Жалпы мемлекеттік көмек қазіргі кезде отбасылардың 5 санатына көрсетіледі.

Дәмежан Сәдуақасова, ҚР ЕХӘҚМ комитет төрағасының орынбасары:

– Біріншіден, 1 жасқа дейін балалары бар аналар мен отбасыларына. Екіншіден, көпбалалы аналарға. Үшіншіден, аз қамтылған отбасыларға және мүгедек балалары бар отбасыларға. Тағы бір айтып кететіні, асыраушыларынан айырылған және балаларды қамқорлыққа алған отбасыларға. 

Әлеуметтік бағытта жасалып жатқан шаруалар аз емес. Мәселен «Нұр Отан» партиясы жанынан жақында балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес құрылған еді. Елбасы тапсырмасымен бұл орган көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету жолдарын жақсартқан. Тағы бір жаңалық, Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Бақытты отбасы» деп аталатын жаңа жоба қолға алынған. Бағдарлама аясындағы алғашқы жұмыстарды саяси ұйымның Алматы қалық филиалы бастады. Әлеуметтің әлеуетін жақсартуға бағытталған жаңа жоба алдағы уақытта еліміздің барлық аймақтарында жүзеге асырылмақ.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы