386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өңірлерде көмекке мұқтаж отбасыларға қандай шаралар қолданбақ?

  • 857
  • UPD: 20:33, 15.02.2019

Астанада көмекке мұқтаж отбасыларды муниципалдық тұрғын үймен қамтамасыз ету жайы қарастырылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Шымкентте көпбалалы аналарға арналған орталық ашылады. Ақтөбе әкімдігі әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға берілетін бір реттік жәрдемақыны екі есе ұлғайтпақ.

Азаматтар баспана алу үшін несие алғысы келеді, алайда табысы жеткіліксіз. Сол себепті көпшілігі жатақханалар мен сапасы сын көтермейтін уақытша салынған тар үйшіктерде тұруға мәжүр. Тұрғын үйлердегі бір бөлменің өзін 15-20 мың теңгеге жалдайды. Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс тобымен өткен отырыс барысында осылай деді. Осыған орай көпбалалы отбасы мүшелерін жоғары ақы төленетін жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндіктері қарастырылады.

Шымкентте көпбалалы аналарға арналған орталық ашылады. Онда мемлекеттік қызметтің барлық түрі көрсетіледі. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов есептік кездесу кезінде айтты. Шымшаһарда бүгінгі таңда 3 200 көпбалалы ананың күнкөріс деңгейі төмен. Оларға қолдау көрсету үшін бірқатар жобалар қарастырылған. Мәселен табыстары күнкөріс деңгейінен төмен көп балалы отбасыларға жылына бір рет берілетін әлеуметтік көмек деңгейін 25 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ шаһардың бизнес өкілдерімен бірлесіп «Сен жалғыз емессің» жобасы қолға алынады. Жоба аясында жағдайы жоқ отбасыларға тегін тұрғын үйлер салынбақ.

Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімі:

– Әрбір көпбалалы ана – батыр ана. Еліміздің ертеңгі болашағы – біздің балаларымыз. Батыр аналар, 1-2-дәрежеде наградталған көпбалалы аналарымыз 1 наурыздан бастап қоғамдық көлік яғни автобустарда тегін жүретін болады. Әкімшілік өз есебінен төлейтін болады.

Ақтөбеде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына берілетін бір реттік жәрдемақы екі есеге көбейеді. Сондай-ақ тұрмысы қиын отбасы мүшелері кедергісіз жұмысқа алынады. Бұл мақсатқа қосымша 1 млрд теңге қарастырылған. Бюджеттен 200 млн теңге бөлініп, 3 мың адам қайта даярлау курстарына жіберіледі. 700 млн теңге білім беру мекемелерінде балаларды тегін тамақтандыруға жұмсалады. Сонымен бірге көпбалалы отбасы мемлекеттік бағдарламамен баспана алуы үшін, алғашқы жарнаны жергілікті бюджет субсидиялайды.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Жасалатын шаралар халықты әлеуметтік қорғауға арналады. Ең бірінші халықтың әлеуметтік қал-ахуалы өсуі қажет. Ол үшін экономика мен бизнес дамуы керек. Халық үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек. Және жастарға да тиісті жағдайлар жасалуы керек.

Алдағы уақытта жергілікті органдар мемлекеттік бағдарламаларының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қиындықтарға тап болған әрбір отбасыға әлеуметтік қолдау көрсету шараларын қолға алады.

Хабар 24 телеарнасы