422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда 272 медициналық мекеме жөндеуді қажет етеді

  • 1180
  • UPD: 22:15, 15.02.2019

Елімізде 270-тен астам медициналық мекеме жөндеуді қажет етеді.

Апатты жағдайдағы аурухана мен емханалардың саны жөнінен Алматы облысы алда тұр. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің алқа Мәжілісінде мәлім болды. Министр Елжан Біртановтың айтуынша, осы аймақтағы 61 нысанда дереу жөндеу жұмыстарын бастау қажет. Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында да жағдай мәз емес. Бұл өңірлердің әрқайсында қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін кем дегенде 20 медициналық мекемеден бар.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Аудандық ауруханалардың жай-күйі өте нашар. Сын көтермейді. Оларда тіпті қарапайым тыныс алу аппараттары жоқ. Мұндай медициналық мекемелерде адамға қалай операция жасауға болады? Сондықтан науқастар көбіне қалаға баруға мәжбүр. Ал бұл тұрғындар үшін шығын. Сол себепті ауылдық жерлердегі ауруханалардың барлығы қажетті техникамен жабдықталуы тиіс. Мен осыны негізге ала отырып, аймақтық департаменттер мен Қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне санитарлық-гигиеналық нормаларды бақылау жөнінде тапсырма бердім. Олар апатты медициналық ғимараттарды да назарда ұстайды. Қажет болған жағдайда мұндай қауіпті нысандарды соттың көмегінен жабу жөнінде шешім қабылданады. Себебі мұндай ғимаратта жұмыс істеу қауіпті. Бұл ретте қаржы тетіктерін Медициналық сақтандыру қоры арқылы тартамыз.

Жиында айтылған тағы бір мәлімет. Еліміздегі ауруханалар мен емханалардың 30 проценті қажетті құрал-жабдықпен қамтылмаған. Мәселен, Солтүстік Қазақстанда мұндай мекемелердің үлесі 50 процент шамасында. Қостанай мен Ақмола облыстарындағы жағдай осыған ұқсас. Ал Шығыс Қазақстан мен Алматы қаласындағы ауруханалардың техникасы түгел көрінеді.

Хабар 24 телеарнасы