423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде жас ғалымдар қолдауға қаншалықты ие?

  • 2879
  • UPD: 23:44, 15.02.2019

Жас ғалымдарды қолдау үшін Үкімет тарапынан арнайы бағдарламалар қабылданса, нұр үстіне нұр.

Ел ішінде талапты һәм талантты жастар көп. Озық идеялар да баршылық. Ғылыми жобаларды жүзеге асыру үшін қаржылай көмек, қолдау қажет. Білім, ғылымның айналасында жүргендер осындай ұсыныс айтты.

Маржан Бекбаланова – жас ғалым. Кезінде АҚШ-тағы Калифорния Университетінде электроника мамандығы бойынша білім алған. Қазір Назарбаев Университетінің энергетикалық ғарыш зертханасында жұмыс істейді. Қызметі – аспан әлемін зерттейтін түрлі детекторлармен, олардың электроникасын дамыту. Елдегі бірегей оқу ордасында жүргендіктен, Маржанға қолдау көп. Ғылыми жобаларын жүзеге асыруға қолбайлау болатын себеп жоқ. Технологияның түр-түрі бар. Телескопты да көрдік. Не керек, зертхананың жағдайы бес. Мүмкіндіктері мол мұндағылардың. Бірақ ғылымның қазанында қайнап жүргендердің бәрі бірдей бұл университетте жұмыс істей бермейді. Идеяларын іске асыру үшін қаражат жетпей жатады. Шетелге бара алмай қалады.

Маржан Бекбаланова, энергетикалық ғарыш зертханасының ғылыми қызметкері:

– Ресурстар бөлінуі керек. Егер қолымыз байланбай, идея келсе, соны іске асыру үшін ресурстар керек. Сондай ресурстарды бізге демеушілер берсе немесе гранттар бөлінсе жақсы мүмкіндіктер болар еді. Елде таланатты жастар көп. Олардың барлығы идеяларын іске асырса, Қазақстан дамыған елдердің қатарында болар еді.

Мемлекеттен қаражат бөлініп жатқан жоқ емес. Айталық, былтыр ғылымға деп 43,7 миллиард теңге бағытталған. Түрлі ғылыми жобалар жүзеге асты да. Десе де, ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту қажет. 

Ләззат Темірханова, «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының директоры:

– Мен ғылыммен қай кезде айналыса аламын? Егер отбасымда амандық болса, баспана болса, әлеуметтік жағынан қорғалсам, онда ғылыммен айналыса аламын деп ойлаймын. Сондықтан да ғалымдарды қолдау керек. Ғылыми жұмыстарды жазғаннан кейін оны басқа жақтарға таныту үшін шетелге шығу керек.

Ғалымдарымыз алғаш рет қаржылық көмекті гранттық және бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру аясында тәуелсіздік жылдарында алғаш рет биылғы қаңтарда алды. Ол үшін бюджеттік кодекске, кассалық қызмет көрсету ережесіне өзгерістер енгізілді. Құжат енді ғалымдарға еңбекақы төлеуге мүмкіндік береді. Бұл елдегі бар ғалымның жағдайын жақсарта ала ма? 

Авторлары: Қорған Төреқожа, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы