380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ғаламторда «Мәскеу қазақша» видеоблогының танымалдығы артып келеді 

  • 683
  • UPD: 13:33, 16.02.2019

Онда Ресей астанасында тұратын екі қыз қаланың ескі көшелері, тарихи ғимараттары мен өзге қызық жерлері туралы қазақ тілінде әңгімелейді. Авторларының айтуынша, бұл жоба бір жағынан көрермендерді қазақ тілін меңгеруге ынталандырса, екінші жағынан қазақтарға Мәскеуді ерекше бір тұсынан көрсетеді.

                      «Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын

                       Сол жұлдыздың ішінде сен жоқсын, арайлым

                       Арманы талайдың, бағыма балаймын

                       Мен сені сүйемін, мен сені қалаймын».

«Мәскеу қазақша» жобасы осы өлеңнен басталған. Бұл Мәскеуде тұратын Елизавета Осипова мен Анастасия Решетникова жүргізетін интернет-арна.

Анастасия Решетникова, «Мәскеу қазақша» жобасының авторы:

- Қазақ әндерін орындап, шағын бейне түсірдік. Алты адам едік. Таспаны әлеуметтік желілерге салғаннан соң, көрермендердің үлкен қызуғышылығы туды. Осыдан кейін бұл ісімізді жалғастыру керек деп шештік.

Қыздар қазақ тіліне Мәскеу лингвистикалық университетінде оқып жүргенде қызығушылық танытты.  Екінші шетел тілі ретінде меңгеріп, Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы мен Абайдың философиясын оқи бастаған. Салт-дәстүріміздің құндылығы мен байлығына тәнті болды.

Анастасия Решетникова, «Мәскеу қазақша» жобасының авторы:

- Қазақстанда әртүрлі дәстүр бар. Мысалы, олар әйел мен ер қарым-қатынастарына байланысты, той және отбасылық қарым-қатынастармен байланысты. Менің ойымша, ең қызық дәстүрлер әйел мен ер қарым-қатынастарына байланысты. ТҰсау кесу, беташар және шашу – өте қызық дәстүрлер. 

Алғашқы жылы қыздар қазақ тілін негізгі деңгейде игерген.   Блогерлер достарын да қазақ тіліне үйретіп жүр.

Елизавета Осипова, «Мәскеу қазақша» жобасының авторы:

- Қазақ тілі мені бірден баурап алды, өйткені өзгелерге ұқсас емес. Мен еуропалық тілдерді зерттегенмін,  негізінде олардың құрылымы мен логикасын түсінуге болады. Ал қазақ тілі бөлек және қызық, тіпті достарымды да оны игеруге ынталандырып жүрмін. Қазақ әндерін тыңдап, тіл байлығымызды жетілдіруге тырысамыз. Қазақстандық әншілерден «91» тобын, Димаш Құдайбергенов, Сон Паскальді тыңдап жүрміз. Қазақстандық болмаса да Италиядан келген кісі тілді меңгергеніне ризамыз.

Блог авторлары Қазақстанның тарихи орындары туралы бейнебаяндар да түсіруді көздеп отыр. Алдағы уақытта олар осы бағыттағы жобаларды жандандырып, дамыта түспекші. Настя болашақта Ресейде қазақстандық суретшілердің  көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отырса, дипломат болғысы келетін Лиза болашақ қызметін елімізбен байланыстырады.

Авторы: Дана Нұржан

Хабар 24 телеарнасы