424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе облысында барлық медицина мекемелері қағазсыз құжат айналымына көшті

  • 1082
  • UPD: 23:42, 16.02.2019

Қазір тұғындардың 99,3 проценті электрондық жүйеге тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл сапаның артуына сеп болды. Енді науқастар дәрігерге қаралу үшін кезек күтіп, сарылып отырмайды.

Кезекті медициналық тексеруге жазылған Гүлшат Әлиеваның жаңа жүйенің тиімділігіне көзі жеткен. Әсіресе мобильдік қосымша арқылы дәрігердің қабылдауына жазылу уақытты үнемдейді. Бұл қызметте жүрген, жұмысбасты адамдарға ыңғайлы.

Гүлшат Әлиева, Қарғалы ауданы тұрғыны:

- Кеше кешкілік жұмыстан келгесін тіркеліп қойған болатынмын. Қазір 11 жарымға сұранып келіп отырмын. Өзінің уақытымен. Кезек күтпеймін. Ыңғайлы.

Қарғалы аудандық орталық емханасында кез келген жергілікті тұрғынның медициналық анықтамасы бар. Өткен жылдың соңына дейін емхана қызметкерлері күніне 50-ге жуық азаматты электрондық жүйеге тіркеген. Қазір бұл жұмыс тәмәмдалды. Аудандағы 16 мыңға жуық тұрғынға түгел цифрлық құжаты толтырылған.

Екатерина Дегтяренко, Қарғалы аудандық орталық аурухаханасының медициналық тіркеушіс:

- Қазір электрондық карточка барлығында бар. Өздеріңіз көріп тұрғандай, сөрелерді қағаздардан босаттық. Ауданымызға жаңадан көшіп келген емделушілерді ғана тіркейміз.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл іс-шаралар дәрігерлердің жұмысын да жеңілдеткен. Терапевтің жолдамасын немесе түрлі сараптама нәтижесін тиісті мамандардың барлығы бір мезгілде көре алады. Ұзын-сонар кезек азайып, сәйкесінше дәрігердің науқасқа бөлетін уақыты 20-30 минутқа артты.

Берік Жаржанов, Қарғалы аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Халықпен байланыстың бір түрі. Медицина қызметкерлеріне айтатын тілегі болса, бір ұсынысы болса, осы жерге салып кетеді. Мысалы, мына дәрігерге салған. Алғыс айтқан. Сонымен қатар кейде ұсыныстар да түседі.

Ақтөбе облысындағы медицина мекемелері 760 мың 736 электрондық төлқұжатты тіркеген. Бұл –облыс тұрғындарының 99,3 проценті. Қалған бөлігі емделушілердің көші-қон үрдісіне тиесілі.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы