422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында медицина саласындағы жас мамандарға ерекше қолдау көрсетілуде

  • 2271
  • UPD: 12:04, 17.02.2019

Алматы облысында медицина саласында жұмыс істеймін деген жас мамандарға жергілікті атқарушы билік тарапынан айрықша көмек көрсетілуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының өзіне 20-ға жуық жас дәрігер келген. Өңір басшысының қолдауымен олар жаңа баспанамен қамтамасыз етіліп жатыр.

Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының ашылғанына 2,5 жыл болды. Осы уақыт ішінде мұнда 18 жас дәрігер келді. Солардың бірі – Асқар Асылбеков. Новосибирск мемлекеттік медицина университетін бітірген ол қазір офтальмология бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етіп жүр. Облыс басшылығы Талдықорғанға келген жас маманға бірден пәтер берген.   

Асқар Асылбеков, офтальмолог:

– Біздікіндей аппарат Қазақстан бойынша төрт жерде ғана бар. Астана, Алматы, Қарағанды, Талдықорғанда.

Қанат Абдрахманов, аурухана директорының орынбасары:

– Сол 18 маманның 9-на пәтер берілді. Қазір біздің қатарымызда істеп жатыр. Біздің ұжымымызда 50 пайыздан астам жас дәрігерлер жұмыс жасайды. Бізде құрал-жабдықтардың бәрі заманға сай.

Ал Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі Мирас Хусайнов мемлекеттік қолдау арқылы төмен пайызбен үй алуға ниет білдірген. Ол заманға сай эндоскопия аппаратымен 100-ден астам адамға операция жасады. Жас дәрігердің өт жолына түсіп кеткен тасты алуға арналған бүгінгі операциясы да сәтті өтті. 

Мирас Хусайнов, хирург:

– Мемлекет тарапынан төмен пайызбен үй алып, қазір баспаналымын. Қызмет атқарып жатырмыз. Жастар қызмет жасаймын десе, ешкім қолынан қақпайды.

«Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының травматология және жансақтау бөлімдеріне әлі он шақты маман жетіспейді. Біз кадр тапшылығы мәселесін жақын арада шешеміз. Ол үшін Астана, Алматы, Қарағанды мен Семейдегі жоғары оқу орындарында өтетін еңбек жәрмеңкелеріне қатысуды жоспарлап отырмыз. Талдықорғанға келіп, жұмыс істеуге ниет білдірген жастарға қолдау көрсетілетін болады», – дейді аурухана басшылығы.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы