419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да қарлы бораннан 140 адам жолда қалған

  • 1258
  • UPD: 07:12, 18.02.2019
ШҚО-да қарлы бораннан 140 адам жолда қалған

Шығыс Қазақстан облысында соңғы екі тәулікте дауылды қарлы боран соқты.

Желдің жылдамдығы кейбір аумақтарда секундына 15-20 метрге дейін жетті. Салдарынан аймақта бірнеше жергілікті және республикалық жолдар уақытша жабылды. Әсіресе Алматы-Өскемен тасжолының Аягөз, Жарма аудандарының аралығындағы жолды қар басып, қозғалыс мүлде тоқтап қалды. Осы жолдың 857-шақырымында, яғни Аршалы-Үшбиік ауылдарының арасында 20-ға жуық жеңіл, 40 жүк көлігі қарға қамалып қалған. Қар құрсауында қалған көліктерде 140 жолаушы болған. Жол қардан тазаланғанша олар көліктерінде күткен. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша, ешбір адам зардап шекпеген.

Сондай-ақ осы Алматы-Өскемен жолының Үржар ауданына қарасты Шолпан ауылының маңында да қарға көліктер кептелген. Жолаушылар құтқарушылардан бас тартып, жолдың ашылуын көліктерінде күткен. Дегенмен аймақта қазір боран басылды. Уақытша жабылған жолдардың барлығы өткен түнде сағат 23:00-де толық ашылды. Қазір барлық көлік түрлері жүріп жатыр. «Қазавтожол» мекемесі мен жергілікті коммуналдық  сала мамандары тоқтаусыз жұмыс істеді.

Авторы: Олжас Керей

Хабар 24 телеарнасы