386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақкөл қаласында смарт-жоба іске қосылғаннан бері қылмыс саны азайған

  • 870
  • UPD: 14:00, 19.02.2019

Ақмола облысында «СМАРТ-АҚКӨЛ» жобасы іске қосылғалы Аққөл қаласында тіркелген қылмыс саны 12 процентке төмендеген. Себебі көшелер мен аулаларға бақылау камералары орнатылған болатын.

Мұндай орталықтарды бұрын шетел киноларынан ғана көретінбіз. 15 мыңнан астам халқы бар шағын шаһар, дәл осы жерден басқарылады. Мұнда 17 түрлі ақпарат ағыны келіп құйылады. Келіп түскен дерек бойынша тиісті шара қолдану үшін орталықта тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, әкімдік, төтенше жағдайлар бөлімі, денсаулық сақтау ұйымы, халыққа қызмет көрсету орталығы секілді он шақты саланың мамандары жайғасқан. Тіпті білім бөлімінің өкілі де бар.

Әлмира Қабылова, қалалық білім бөлімінің өкілі, сарапшы:

- Біз қазір барлық мектептердегі оқушылар мен мұғалімдердің келіп-кетуін бақылай аламыз. Ал егер бала 2-3 күн сабаққа келмесе, мен оны жанымда отырған денсаулық сақтау бөлімінің өкілінен сұраймын. Мүмкін ол ауырып қалған шығар. Егер бала емханаға тіркелмесе, полиция бөлімінен ақпарат алдырамыз. Осылайша оның қайда жүргенін анықтаймыз.  

Мұндағы мамандар дәл осылай қаладағы әрбір үйді жеке-жеке бақылай алады. Тұрғындар суды,  электр қуатын және жылуды қалай тұтынуда, бәрі де назарда. Ал пәтерден немесе жеке үйден қандай да бір ақау шықса немесе күдікті жағдайлар бола қалса, электронды карта автоматты түрде өзі дабыл қағады.

Әрсен Ергебаев, «Smart Аqkol» жобасының авторы:

- Жүйе өткенде қаладағы пәтерлердің бірінде жалғыз тұратын әжейдің 3 күн қатарынан су мен электр қуатын пайдаланбай жатқанын көрсетті. Мұны байқаған соң, бірден ол кісінің үйіне әкімдік өкілдері жіберілді. Абырой болғанда, кейуана дін аман екен. Тек Астана қаласына бірнеше күнге қонаққа кетіпті.  

Ал осының барлығын бақылап отыру үшін қаладағы үйлердегі су және электр қуатын есептегіш қондырғылардың барлығы жаңасына ауыстырылған. Көшелерге 250 смарт-жарықшам мен 62 бейнебақылау камерасы орнатылыпты. Одан бөлек, орталыққа қаланың электронды картасы мен ақылды орындықтар да қойылған.

Ханша Ақтышқан, Ақкөл қаласының тұрғыны:

- Бұрынғыдан қарағанда қазір мынау жаңа технология, әсіресе, электрондық түрге көшуде халықтың көзқарасы өзгерді. Біз де міне жаңаша, шетелдегі сияқты өмір сүре алады екенбіз. Өйткені көшеде келе жатқанда  вай-фай тегін қызмет атқарылады. Тегін электронды жүйе арқылы. Ол енді әрбір адамға тегін деген жақсы ғой, қалтаңнан бір тиын ақша кетпейді. Қарапайым тұрғын ретінде өмір сүруге деген. Әрине мен қолданамын. Неге қолданбаймын? Қолданамын. 

 Сондай-ақ халыққа ыңғайлы болу үшін ақылды аялдамалар да салынған. Әзірге олар тек орталықта орналасқан. 

Дамир Берікұлы, тілші:

- Дәл осындай аялдамалар алдағы уақытта қаланың барлық көшелерінде пайда болады, - дейді. Мұнда барлық жағдай жасалған. Қыста іші жылы. Тегін вай-фай да бар, - дейді. Ал, мына жерде телефондарды қуаттауға болады. Алайда оны тоз-тозын шығарып, сындырып тастаған. Мәселен, мына экранда автобустардың қайда келе жатқаны да көрсетілу керек болған. Бірақ, оны да сындырып тастаған.

Сондықтан ендігі аялдамаларға бейнебақылау камерасын да қатар орнату қажет секілді. Мамандардың айтуынша, бұл бастамасы ғана. Алдағы уақытта жүйе одан әрі жетілдіре түспек.

Самат Сәдуақасов, бағдарламашы:

- Қазіргі таңда біз енді үйлерге қарай ұмытылып жатырмыз. Яғни үйлерді ақылды үйлер жасау. Смарт үйлер дейді ғой. Ол технологияның ерекшеліктері, барлық үйдегі құрылғылардың, су болсын, ток болсын, газ болсын барлығы электронды түрде кез-келген ұялы телефон арқылы бақылай аласыз.

Смарт-қала жүйесі Ақкөлге сынақ ретінде енгізіліп отыр. Ал келешекте осындай жоба басқа да қалалар мен елді мекендерде пайда болмақ.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы