386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Несиесін төлемегендер жұмысқа орналаса алмай ма?

  • 610
  • UPD: 23:19, 19.02.2019

Алдағы уақытта кез келген жұмыс беруші үміткерді несие тарихына қарап қызметке қабылдауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Отандық және шетелдік ақпараттық порталдар осылай деп жазуда. Тіпті кейбірі «несие тарихы нашар қазақстандықтардың жұмысқа орналасуы қиын болады» деп ақпар берді.

Алдымен өзімізден бастайық. Отандық ақпараттық портал «Несие тарихы несібесіз қалдырмай ма?» деген тақырыпта ақпарат таратты. Не жазыпты дейсіз? Оқып шықтық. Әңгіменің әлқиссасы «Алдағы уақытта кез келген жұмыс беруші үміткерді несие тарихына қарап қызметке қабылдауы мүмкін», – деп басталады.

«Бірінші несие бюросы осындай бастама көтерді. Осы мәселеге байланысты бюро басшысы Әсем Нұрғалиева: «Оның негізінде жұмыс беруші несиесі уақтылы төленбеген немесе банкке қарыз адамды несие тарихына қарап, жұмысқа қабылдаудан бас тарта алады. Қазіргі кезде бұл тәжірибені еліміздегі ең ірі гипермаркеттер қолға алды...»

Бұл сипапттағы материал қырғызстандық қаржы порталында да жарияланған. Шындық па? Бірінші несие бюросына өзіміз жүгіндік. Атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева несие тарихы жағымсыз азаматтардың қаржымен байланысты қызметке орналасуы қиын екендігін жасырмады.

Әсем Нұрғалиева, Бірінші несие бюросының атқарушы директоры:

- Кейбір жұмыс берушілер үшін қарамағындағы жұмысшының  несиелік тарихы маңызды. Себебі «материалдық жауапкершілік позициясындағы» қызметке несиесін уақтылы төлемеген азаматтарды алмауға тырысады. Бұл қатып қалған қағида емес. Несие тарихы көңіл көншітпейтін адамдармен қызмет бабында қаржыға қатысты проблемалар болып қалуы мүмкін. Сондықтан басшылықтағылар мұндай тұлғалардан сақтанғанды жөн санайды. Жалпы, бұл бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Мәселен, несиесін төлемейтіндерді қаржы, банк секторында қызметке алмау қалыптасқан.

Заңды түрде қалай? Банктен алған ақшасын уақтылы төлемеген азаматты жұмыс беруші қызметке алмай қоюға құқылы ма?

Екатерина Сквирская, заңгер:

- Негізінен мұндай құқық жоқ. Яғни бұл біздің Конституциямызға, кейіннен Еңбек кодексіне қарсы болып табылады. Конституция бойынша әрбір азамат жұмыс істеуге құқығы бар.

Ал сол қызметке орналасатын кезде банктегі берешегіңіздің тексерілуі ше? Қаншалықты заңды? Ескере жүріңіз. Несие тарихын жұмыс беруші жұмысшының рұқсатынсыз ала алмайды. Қарапайым тілмен, мысал түрімен айтсақ... 

Индира Қарлыбаева, БНБ субъектілермен жұмыс істеу департаментінің директоры:

- Егер сіз жұмысқа орналасуға келетін болсаңыз, сізден бірінші рұқсатыңыз жазбаша түрде алынады. Содан кейін несиелік тарихты тексеруге де арнайы бір өтініш болады. Сол өтінішке міндетті түрде қол қоюыңыз керек. Егер сіздің қолыңыз болмаса, ешқандай несиелік тарихты тексерудің жолдары болмайды.

Несиелік тарихыңызды өзіңіз ғана тексере аласыз. Ол үшін электронды үкімет порталына кіру қажет. Я болмаса Халыққа қызмет көрсету орталығы мен поштаға бару керек. Несиелік тарихты жылына бір мәрте тексеру тегін.

Жалпы, ел ішінде бүгінде 6 миллион 800 мыңдай адамның несиесі бар. Оның 1 миллион 400 мыңында несиелік тарихы жағымсыз. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл бір жарым миллионға тарта азаматтың банкке қарызын қайтармай жүргеніне 90 күннен асып кеткен. Берешектің жалпы құны – 750 миллиард теңге. Заңгер айтқандай, жұмысқа орналасудан қиындық болмаса да, несиелік тарихы жағымсыздар соттың шешімімен шетелге шыға алмайды. Тіпті өзге банктердегі депозит, шоттары бұғатталады. Бұл шектеулер заңды.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ерзат Зайытхан, Ұлан Нарынбек

Хабар 24 телеарнасы