384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талдықорғанда көпқабатты үйлер табиғи газға ауыстырылуда

  • 1462
  • UPD: 23:16, 19.02.2019

Талдықорған қаласындағы көпқабатты үйлер біртіндеп табиғи газға ауыстырыла бастады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сұйытылған газға қарағанда әлдеқайда арзан табиғи отынға қосылған тұрғындар ерекше қуанышты. «Облыс бойынша газ бағасының арзандатылуы да едәуір жеңілдік болды», – дейді тұрғындар.

Талдықорғандағы көпқабатты тұрғын үйлерге табиғи газ кіргізу жұмыстары Қаратал ықшамауданынан басталды. Осы шағынаудандағы №43 үйдің тұрғындары ұзақ жылдар бойы сұйылтылған газды пайдаланып, әр текше метріне 450 теңгеден төлейтін. Ал табиғи газдың бір текше метрі 15 есеге арзанға түседі. Жалпы, жаңа жылдан бастап арзандаған коммуналдық қызмет түрлерінің ішінде табиғи газ бағасының ең көп төмендегені – Алматы облысы бойынша. Бұрын текше метрі 35 теңге шамасындағы табиғи газға талдықорғандықтар енді 29 теңге төлейді.  

Гүлбаршын Утеулинова, қала тұрғыны:

- Қолданысымызға ыңғайлы. Ақшасы да бізге тиімді. Енді осы газға көшкенімізге қуаныштымыз. Осындай газды бізге, бүкіл қаламызға қосып бере берсін деп ойлаймын.

Талдықорғанда 700-ден астам көпқабатты тұрғын үй бар. Соның 480-і сұйылтылған газды пайдаланып отыр. Болашақта облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің барлығы табиғи газға ауысатын болады. Алайда талай жыл сұйытылған газды газгольдер арқылы сатып келген компаниялар тұрғындардың табиғи газға өтуіне мүдделі емес. Бұл жерде жергілікті биліктің пәрмені керек-ақ.

Дәулет Өсербаев, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының бас маманы:

- Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерге табиғи газ кіргізу жұмыстары бірнеше кезеңнен тұрады. Ең алдымен тұрғындардың келісімін алу үшін қол жинаймыз. Содан кейін жобалық-сметалық құжаттары әзірленеді. Әр пәтерді табиғи газға қосу құны шамамен 10 мың теңге. Сапаға жауап береміз.

Бүгінде Талдықорған қаласын газдандыру жұмыстарының екінші кезеңі басталды. Дегенмен жеке сектордағы үйлерді газдандыру ісі баяулап қалған. Үйлеріне газ кіргізе алмай қиналған тұрғындар бұған елден алдын ала қаражат жинап алған жекелеген мердігер компанияларды кінәлап отыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы