384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астана мен Алматы экологиясы нашар қалалардың көшін бастады

  • 943
  • UPD: 09:56, 20.02.2019

2030-2050 жылдары әлемдегі климаттың өзгеруі салдарынан жыл сайын 250 мың адам көз жұматын болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы осындай. Қоршаған ортаның ластануы адамның ойлау қабілетін төмендетіп, өмір сүру ұзақтығына тікелей әсер етеді. Еліміздегі экологиялық ахуал көңіл көншітпейді.

Әлемдік өлшемге шаққанда Алматыдағы ауа қалыпты нормадан 15 есеге асып, 200 микрограмға жеткен. AirKaz жобасының авторы Павел Александровтың дерегі – бұл. Айтуынша, еліміздегі қалыпты норма 35 мкг-ға тең. Айырмашылық жер мен көктей. Жалпы білікті маман Алматыдан бөлек, Астана, Қарағандының ауасын зерделеп жүр. Нәтиже көңіл көншітпейді.

Таяуда Индонезияда ауа сапасы 130 микрограмға жеткенде, қауіптіліктің қызыл деңгейі белгіленіп, мектептер жабылған. Қытайда деңгей 150-ден асқанда зауыттар жабылады. Мұндағы тұрғындар ауадағы өзгерістен үнемі хабардар болып отырады. Ал біздің елде халықты алдын ала ақпараттандыру жолға қойылмаған. Мысалы, соңғы кезде Астананың ауасы Алматыдан екі есеге лас екені белгілі болды. Үш күн бұрын мұндағы сапа 300 микрограмнан асып кетті. Бұл өте қауіпті.

Еліміздегі ауасы лас қалалар көшін Алматы бастайды. Иә, бірнеше жыл бұрын ресми дерек осылай болатын. Қазіргі ахуал мүлде басқа. Өткен жылы ғана тізім басына Өскемен, Атырау, Ақтау, Астана қалалары шыққан. Уақыт өткен сайын қоршаған ортаның ластануы өзекті мәселеге айналып барады.

Ғабит Нұрхатов, дәрігер:

– Қазақстан экологиялық қауіпті аймаққа жатады. Адамның денсаулығына ол әрине, тікелей әсер етеді. Ең бірінші – рак аурулары. Өлімнің ең жиі себептері сол. Аймақтарға бөліп қарағанда, Қазақстанда адам өлімі көп жағынан бізде Павлодар облысы екен. ШҚО, кейін Ақмола облысы, солай кете береді.

Ғалымдар ластанған экологияның әсері үздіксіз шегілген темекіден де қауіпті дейді. Соның дәлелі болар, соңғы жылдары тыныс алу жолдарының ақауы, гайморит, бронхит, атеросклероз дертіне шалдыққандар саны артқан.

Ал обыр дертімен ауыратындар 5-8% көбейген.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

– Ауаның ластануы – адам саулығына кесірі тиер басты фактор. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осындай дерек келтіреді. Статистика да ойлантарлық. Әлемде күн сайын лас ауамен тыныстаған 7 млн адам көз жұмады екен.

Табиғаттың тазалығы адам денсаулығы мен көңіл күйіне тікелей әсер етері хақ. Астаналықтар да ауа сапасының күннен күнге төмендеп жатқанына алаңдаулы.

Қанат Есмағамбетов, қала тұрғыны:

– Жел болмағанда тіпті қиын. Қаланың іші газға толады. Өте қауіпті. Қаланың сыртына шығуға тырысамыз.

Қоршаған ортаның тазалығы мемлекет мүддесінде. Елімізде экологиялық ахуалды түзеудің амалы жүргізілмей жатқан жоқ. Бірақ статистикалық деректер көңіл көншітпей тұр. Басты зардап шегуші – халық. Демек тұрғындарды ақпараттандыруды қолға алу керек. Өкінішке орай, мұндай кәсіпорындар елде тапшы.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ержан Қанапияұлы, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы