386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде ақпараттық саладағы қауіпсіздік артады

  • 873
  • UPD: 20:29, 20.02.2019

Шалғайда жатқан ауылдарға тек отандық телеарналар көрсетіліп, тұрғындарға спутниктік қондырғылар тегін таратылады. Ал, мемлекеттік қызметтің 90 проценті электронды үлгіде ұсынылады. Анықтама қағаздарын қолданыстан мүлдем алып тастау көзделіп отыр. Мұның бәрі бүгін салалық министрліктің алқа отырысында айтылды.

Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстары және Шымкент қаласы былтыр толық цифрлық телехабар тарату жүйесіне көшті. 

Ақпарат және коммуникациялар министрінің айтуынша, өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстардың бірі бұл. Ендігі кезек Алматы, Павлодар және Қостанай өңірлерінде. Себебі бұл аймақ тұрғындары, әсіресе шалғайдағы елді мекендер отандық телеарнаны тамашалап, радио желіні таңдайтын болады. Яғни күн сайын тек Қазақстанның әнұраны орындалып, өскелең ұрпақ қазақ ертегілеріне құлақ түреді әрі әуезді әнге тербеліп өседі.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Өткен жылы Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының 300 мыңнан аса тұрғыны бар 12 шекаралық аймағына қазақ радиосы мен Шалқардың хабарлары тарай бастады. Қазтелерадиоға осы жұмысты ерекше бақылауға ұстауды тапсырамын. Бұл біздің ұлттық ақпараттық қауіпсіздігіне тікелей ықпалы бар шаруа. Еліміздің ең шалғай жерлерін мекендеп отырған адамдар радио қабылдағыш арқылы Қытай немесе Ресейдің емес, Қазақстанның радиосына құлақ түруі тиіс.

Бұл министрліктің ұйытқы болуымен қазақ тілінде түсірілген көп бөлімді фильмдер. Ұзын-саны - 46. Барлығы дерлік көрермендердің оң бағасын алған. Айта кетейік, көрші мемлекеттерде отандық телерналар көрсетілетін болды. Мәселен, «Хабар» Агенттігі Ресейдегі қандастарымыз қоныстанған елді мекендерде ақпарат таратады.

Биыл елімізде мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Ал келер жылы көрсеткіш 90 пайызға жеткізілуі тиіс.

Асқар Жұмағалиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары-ҚАӨ министрі:

- Мобильді қосымшалар мен смартфондар арқылы xалыққа барынша жақын болуымыз қажет. Сондықтан азаматтарға арналған үкіметтің жұмысы маңызды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келетін азаматтарды мобильді қосымшалар арқылы мемлекеттік қызметтерді алуға үйрету керек. Бұған қоса, анықтамаларды мүлдем алып тастау қажет.

2021 жылға дейін еліміздің түкпір-түкпірінде интернет болады. 1250 ауыл ғаламторға қол жеткізеді. Бұдан бөлек, елімізде мемлекеттік порталдарды біріктіру көзделіп отыр. Сол арқылы маңызды ақпараттарды бір жүйеден алуға мүмкіндік туады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы