389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Теміртауда құны 2 млрд долларлық экожобаларды жүзеге асыру жоспарланды

  • 718
  • UPD: 22:35, 20.02.2019

Теміртау қаласындағы жылу электр орталығында биыл 7-ші қазандықтың құрылысы басталады. Ал металлургиялық комбинатта жалпы құны 2 млрд доллар болатын бірнеше экологиялық жоба жүзеге асады. Сосын қалада әлеуметтік нысандар бой көтереді. Игі жұмыстардың барлығын жергілікті инвестор қаржыландырады.

Теміртаудағы өндірістен бөлінетін зиянды қалдықтардың мөлшері 2023 жылға дейін екі есеге азаяды. Бұл туралы компанияның бас директоры Парамжит Калон мәлімдеді. Қазір қоршаған ортаға таралатын өндіріс қалдығының 77 пайызы дәл осы металлургиялық комбинаттың үлесінде екен. Алпауыт кәсіпорын жылына 200 мың тонна зиянды затты ауаға бөледі. Оның 50 пайызы көмірқышқыл газы. Бұл көрсеткішті азайту үшін компания басшылары 2 миллиард доллар қаржы бөліп отыр. Оған газ бен шаңды сүзгіден өткізетін бірнеше заманауи қондырғы орнатылмақ. Сондай-ақ өндірісті жаңғырту жұмыстары жүргізіледі..

Парамжит Калон, компанияның бас директоры:

- Металлургиялық комбинаттың салынғанына 70 жылға жуықтады. Бұл аралықта әрине, кез-келген зат тозады. Алпауыт кәсіпорынды бірден жаңғырту, жаңарту мүмкін емес. Мұндай ірі жобаны жүзеге асыруға біраз уақыт керек, қыруар қаржы қажет. Сондықтан сәл күте тұруға тура келеді. 2030 жылы экологиялық жобаларды толық аяқтап, халықаралық стандарт деңгейіне шығамыз деген жоспарымыз бар.

Құрышты қаладағы экологияның жақсаруына екі бірдей жылу энергия орталығында жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстары да түрткі болмақ. Мұнда жаңадан 7-қазандық салынады. Осылайша ең әуелі Теміртаудағы өткір тұрған жылу мәселесі түбегейлі шешілмек. Мамандардың айтуынша, 40 жыл бұрын іске қосылған бұл орталықтар бүгінгі күнге дейін бірде-бір рет күрделі жөнделмепті. Әбден тозығы жеткен құрылғылар жыл сайын істен шығып, тұрғындарды әбігерге салуда. Енді бұл бейнеттен құтылатын күн алыс емес. Жоба 4 айда дайын болады. Тамыз айында құрылыс жұмыстары басталмақ. Ал 2021 жылы жаңа қазандықты сынақтан өткізу көзделіп отыр.

Ерлан Қошанов, облыс әкімі:

- 7-қазандық салынса Теміртауды жылумен қамту мәселесі түбегейлі шешіледі. Алайда жаңа қазандық салынып біткенше ескі 6 қазандықты күрделі жөндеуден өткізіп, амалдауымыз керек. Қаржыландыруды тоқтатпау қажет.

Меморандумда қамтылған тағы бір игі жоба – шаһарда үш бірдей әлеуметтік нысанның құрылысы басталады. Ол 20 мың адамға арналған емхана, 320 бүлдіршінге арналған бөбекжай және 320 адам бір мезгілде жаттыға алатын зәулім спорт кешені. Осылайша, ең әуелі Теміртауда емхана тапшылығы түбегейлі жойылмақ. Тағы бір жаңалық, келешекте жаңа бала-бақша 3 жастан емес, 1 жасқа толған сәбилерді де қабылдайтын болады. Айта кету керек, жаңадан салынатын әлеуметтік нысандардың ішіне қажетті құрал-жабдықтарды да компания толықтай алып бермек. Инвестор құрылыс жұмыстарын шамамен 4-5 жылда аяқтауды жоспарлап отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы