386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық жастарға 30 млн теңгеге дейін несие беріледі

  • 991
  • UPD: 14:55, 21.02.2019

Маңғыстаулық жастарға да 1 процентпен 30 млн теңгеге дейін несие беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оған бес аудан мен Жаңаөзен қаласының тұрғындары қатыса алады. Игі бастаманы жүзеге асыру былтыр басталды.

Жас шебер Данияр Мұрзабеков гипстен ұлттық нақыштағы мүсіндер мен кәдесыйларды жасайды. Құрық елді мекенінің тұрғыны күніне 30 дана бұйымды саудаға шығарады. Бөбекжайларға сыйлық жасап, ауыл меценаты да атанған.

Данияр Мұрзабеков, шебер:

- Бастапқыда бетоннан бастағым келді. Бірақ бетоннан бастаған өте қиын деп айтты. Сол үшін мен гипстен бастадым. Бұйыртса, болашақта бетоннан, полиферриннен, әртүрлі материалдан істейміз. Ең бастысы, қалыпты құюды үйрендім.

Іскер жігіт 30 млн теңге несие алу үшін аймақтық жобаға құжат жинап жүр. Мұратына жетсе, өндіріс орнын кеңейтпек. Зағиптарға арналған ақылды таяқ авторлары да жоба аясында өз туындысын нарыққа шығаруға ниетті.

Бекберді Мұханбетов, өнертапқыш:

- Мына құрылғылар алдағы кедергіні көрсетеді. Ал мұны осы таяқшаның миы десек болады. Мұнда SOS, яғни дабыл белгісі көзі көрмейтін кісі қандай да бір жаман жағдайға ұшырап қалып, осы тетікті басатын болса, оның ең жақын адамына автоматты түрде қоңырау соғылатын болады.

Мейірлан Сақтағанұлы, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы:

- «Нұр-Капитал» деген өңірлік бағдарлама бар. Осы бағдарлама шеңберінде жастардың 1 млн-нан 30 млн-ға дейін бизнес-жобаларын қаржыландырып, олардың өз ісімен айналысуына мүмкіндіктер туатын болады. Мұнымен қоса «Бастау-бизнес» жобасы арқылы 800 жас оқытылып, кәсіпкерлікке бетбұрыс жасайтын болады.

Былтыр 44 бизнес-жобаға 1 пайызбен 845 млн теңге беру мақұлданды. Бүгінде олардың 77 проценті қаржыландырылған. Жалпы, шалғай өңірде 51 мыңнан астам кәсіпкер өз ісін дамытып келеді. Олардың 40 проценті – жас буын өкілдері.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы