383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астаналық бойжеткен Мәскеуде өз кәсібін өрлетіп жүр

  • 482
  • UPD: 14:55, 21.02.2019

Миллиондаған айналымы бар компания құрып, табысты стартаптарды сәтті жүзеге асырды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Енді бизнесін халықаралық деңгейге көтеруді көздеп отыр.

Астаналық Индира Мәмбетова мамандығы бойынша журналист пен маркетолог. Университет бітіргеннен кейін халықаралық тілші болып жұмыс істеген, тіпті Сирия президенті Башар Асадтан сұхбат алған. Алайда жанжалды аймаққа жасаған іссапарынан кейін Индира өмірін күрт өзгертті. Журналистикадан кетіп, өз кәсібін ашуға бел буды. Осыдан екі жыл бұрын ол медициналық оңалту клиникасын ашты. Компаниясын тіркеп, Қытайдан Мәскеуге дәрігерлер шақыртқан. Екі айдан кейін жұмсаған қаражаты ақталды. Қазір 50 қызметкері бар компаниясының айлық айналымы 2 миллион рубль шамасында. Көп ұзамай Индира екінші аурухана мен дәрігерлердің біліктілігін жетілдіретін оқу орталығын ашады. Оған қытайлық инвесторлар қызығушылық танытып, ақырында оны Бейжің медицина институты сатып алды. Ал Индира тағы бір оқу орталығын ашты.

Ли Чунь Гуан, дәрігер:

- Мен Хайнань аралында жұмыс істегенмін, онда ресейліктер мен қазақстандықтар көп. Менде емделген адамдар ұзақ уақыт мені Ресейге келуге шақырған. Индирамен екі ай бойы келіссөз жүргіздік. Нәтижесінде осында көшіп, Мәскеуде науқастарды емдеп жүрмін. 

Мәскеу нарығында орныққаннан кейін, Индира франшиза бойынша Қазақстанда да ауруханалар ашамын деп шешті.  

Индира Мәмбетова, компания құрылтайшысы:

- Шетел дәрігерлерімен жұмыс істегенде ең қиыны – құжаттар. Виза мен жұмысқа рұқсат алу, баспана табу – осының бәрі ауыр іс. Екі жыл өткеннен кейін, заңдарды жақсы білетін бірнеше қызметкеріміз бар. Олар келісімшарт жасаудан бастап Ресейге әкелуге дейін барлық мәселені шешіп жүр. Ең қолайлысы, Қазақстан азаматтығы, виза қажет емес, жұмысқа орналасуда да ешбір қиындық жоқ. 

Кәсібі дамығанан кейін клиникаларды ұтымды басқару мәселесі туындаған. Мұны шешу үшін компаниясы «Ақылды дәрігер» атты мобильды қосымшаны ойлап шығарады. Дәрігерлердің қабылдау кестесімен қатар бағдарламаға науқастар туралы бар мәлімет жүктеледі. Бұл дерек дәрігер мен науқастың гаджеттерінде үйлестірілген. Бастама жұмысты едәуір жеңілдетті. Ресейде осыған ұқсас бағдарлама жоқ екен. Қазір компания «Сколковоның» «Биотех» кластерінде инновациялық жоба мәртебесін алуға ниетті.

Индира Мәмбетова, компания құрылтайшысы:

- Дәрігерлер мен клиникаларға арналған бірнеше ұялы қосымша жасау ойыма келді. Бұл инновациялық жобаларға айналып, оған «Сколково» қызығушылығын білдірді. Жалпы бізге инвестиция қажет емес, ешкімнен ақша сұрамаймыз. Осы жаңалығымыз адамдарға көмектессін деген ниеттеміз. 

Әлі отызға толмаған Индира бірнеше табысты стартапты жүзеге асырды. «Осының бәріне қалай үлгеріп жүрсің?» деген сұраққа жас кәсіпкер: «ең бастысы өз ісіңе сенуің керек», – дейді. 

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы