376,43 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейлік оқушы жұмсақ орындықтар шығарумен айналысады

  • 860
  • UPD: 14:52, 21.02.2019

Семей қаласы былтыр кәсіпкерлікті қолдау рейтингі бойынша облыста көш бастады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Шаһарда жас кәсіпкерлер санының көбейіп келе жатқаны да қуантады. Бірі өз күшімен балабақша ашып, жиһаз шығарумен айналысса, 20 азамат «Жас проджект» жобасы арқылы кәсібін дөңгелеткен.

Кәмелет жасына толмаған бозбала кәсіпкер Нәдір Сәбитовты бүгінде қала ғана емес, аймақ тұрғындары жақсы таниды. 6 сыныпта жүріп алғашқы бизнесін бастаған оқушы қазір жұмсақ орындықтар шығарумен айналысады. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Нәдір мектепті тәмамдаған соң, білімін жетілдіріп, кәсібін одан да биік деңгейге көтергісі келеді. «Бұл жұмыстың сабағыма еш бөгеті жоқ, керісінше, достарымды кәсіпке баулығым келеді», – дейді іскер бозбала.

Нәдір Сәбитов, кәсіпкер:

- Қазір жекелеген мекемелермен де келісімшарт жасап, өнімдер шығардық. Енді кәсіпорын тынысын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Қосымша цехтар ашып, басқа қалалардан түскен тапсырыстарды орындасақ дейміз.

Ал Азамат Азатов болса қаңырап тұрған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, 140 орындық балабақша ашты. Бұл – мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында жүзеге асқан жоба. Сертификатталған дидактикалық құрал-жабдықтар да сатып алынған. Сонымен қатар спорттық үйірмелер мен робототехника бөлмелері де бар.

Азамат Азатов, кәсіпкер:

- Бұл балабақшада балалардың өмірлік дағдыларын дамытуға, балалардың тілдерді үйренуіне көңіл бөлуге және балаларды жан-жақты шығармашыл, сын тұрғысынан ойлана алатын, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын өмірлік дағдыларға қалыптасқан бірден-бір орталық болады.

Былтыр қалада 20 белсенді жас «Жас проджект» жобасы арқылы өз істерін ашса, биыл да бұл бағытта мемлекет қолдауы жалғаса бермек. Мамыр айында жастарға арналған ауқымды кездесу ұйымдастырылмақшы.

Олжас Соғымбаев, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

- Бұл жерде келетін спикерлер елімізге, тіпті шетелге белгілі, кәсіпкерлеріміз қаламызға келіп, өзінің кәсібін бастағысы келетін жастарымызға TEDx форматында өзінің шеберлік сағаттарын жүргізетін болады. Жастар жылы аясында өзінің кәсібін бастағысы келетін, өзінің тың идеясы, жобасы бар жастарға мемлекет тарапынан және демеушілер тарапынан қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз.

Қаладан тыс ауылдық жерлерде де жастар кәсіпкерлігі қарқынды дамып келеді. Іскер азаматтардың бірі омарта шаруашылығын қолға алса, басқалары тігін цехтарын іске қосып, жаңадан жұмыс орындарын ашқан.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы