376,17 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық бір топ кәсіпкер жерсіз қалуы мүмкін

  • 634
  • UPD: 20:51, 21.02.2019

Ертіс өңірінің ондаған кәсіпкері дабыл қақты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кезінде газгольдерлерден қалған жер учаскелерін жалға алған олар далада қалуы мүмкін. Себебі келісімшартты бұзу жөнінде ескерту келген. Ал кәсіпкерлер осы уақытқа дейін газ таратқыш құралдардың орнына бірнеше сауда нүктесін салып тастаған. Енді шығынға батқан олардың шаруасы не болмақ?

Айтпай Торсықбаев бір жыл бұрын қуанышын осылай білдірген еді. Енді көңілі күпті. Себебі Павлодар қалалық жер қатынастары бөлімі жерді жалға алу жөніндегі келісімшартты бұзбақ. Ал кәсіпкер дүкен ашуға 8 млн теңге жұмсап, өз міндеттерін мүдірмей орындап келеді.

Айтпай Торсықбаев, бағдарлама қатысушысы:

– Кісілерді қайда жіберемін, далаға ма? Дүкен ашылды. Сұраныс бар. Не істерімізді білмейміз. Көмек керек.

Тимур Әбілқасымов та екі дүкен ашып, тағы екі сауда нүктесін дәл осы жерде салуды жоспарлаған. Бизнесті дамытуға бағытталған «Үй жанындағы дүкен» жобасына қатысып, жерді жалға алды.

Тимур Әбілқасымов, кәсіпкер:

– Қалалық жер қатынастары бөлімі осындай қадамға барып отыр. Себебі белгісіз. Біз жобаға қатысу міндеттерін орындап жатырмыз. Жалға алуға бастапқы төлемді де өтедім. Осындай кедергілер болса, бизнесті қалай дамытамын?

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Павлодар қаласында соңғы екі жыл ішінде кезінде газ тарату құрылғылары орналасқан 102 жер учаскесі босатылды. Нәтижесінде 64 кәсіпкермен келісімшарт жасалып, олардың орындарында осындай шағынмаркеттер бой көтерді. Алайда кәсіпкерлердің қуанышы көпке созылмады. Жуырда оларға келісімшартты бұзу жөнінде ескертпе хаттар келген. Енді халыққа қолжетімді бағамен азық-түлік ұсынатын дүкендер жабылып қалуы мүмкін.

Жобаны жүзеге асыруға «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» жауапты. Мамандар кәсіпкерлердің мүддесін қорғау мақсатында Павлодар қалалық жер қатынастары бөлімінің ұсынысынан бас тартты.

Сәбит Маненов, «Павлодар» ӘКК құрылыс және техникалық сараптама бөлімінің басшысы:

– Біздің тарапымыздан міндеттемелер орындалды. Барлығы заң жүзінде. Кәсіпкерлермен келісімге келіп, жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Оларды далада қалдырмаймыз. Мәселені облыс әкімі деңгейінде қарастырамыз. Ресми хат әзірлеп қойдық.

Бұл мәселемен тиісті мекемеге де бардық. Алайда шенеуніктер мардымды жауап бермеді.

Жоба бизнесті дамытуға бағытталған. Бес қабатты үйлердің аулаларындағы 504 газгольдер жердің астынан қазып алынып, сатылды. Енді жоба уақытша тоқтатылды. Ал кәсіпкерлердің күтуден басқа амалы жоқ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы