388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы маңындағы тасуы мүмкін өзендер бақылауға алынды

  • 906
  • UPD: 20:44, 21.02.2019

Алматы қаласы маңайындағы өзендерде де су тасу қаупі күшейеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қатердің алдын алуға қандай дайындық жасап жатқаны жөнінде бүгін қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшылары брифинг өткізді. Ведомства қызметкерлері жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтады.

Қала аумағында орналасқан 6 су қоймасы мен 28 өзеннің бесеуі қазір басты назарда. Олар – Ақсай, Қарғалы, Есентай, Үлкен және Кіші Алматы.

Ерлан Әлібеков, қалалық ТЖД бастығының орынбасары:

– Наурыз айына берілген ауа райы болжамына сәйкес, орташа ауа температурасы +5 градусты құрайды, бұл нормадан 1 градусқа жоғары.

Жауын-шашынның шамадан тыс болуы, әсіресе Алатау, Наурызбай аудандарында қауіпті. Қалаға кейіннен қосылған бұл аудандарда талапқа сай салынбаған үйлер көп. Мұнда арық-канал жүйелері мүлдем ескерілмеген. Ал өзге аудандардың арықтары әдетте қоқысқа толы болады. «Дегенмен су деңгейі көтеріле қалған жағдайда, біз оған дайынбыз», – дейді төтенше жағдай қызметкерлері.

Ерлан Әлібеков, қалалық ТЖД бастығының орынбасары:

– Су тасқыны кезеңіне 7328 адам, 1639 техника, 300 құрал, 107 мотопонда, 137 автономды электростанса, 29 720 қап, 677 тонна құм, 42 тонна дизель отыны және 34 тонна дизель дайындалды. Табиғи және техногендік төтенше жағдайлардың салдарын жоюға Алматы әкімдігі резервінде 5 млрд теңге қарастырылды.

Ал Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Серік Әубәкіров қала тұрғындары мен қонақтарына қазіргі кезде тауға шығу қауіпті екенін ескертті. «Шымбұлақ» тау-шаңғы демалыс орны мен Үлкен Алматы көліне апарар жолда сел жүру қауіпі күшті. Жуырда ғана осы жерлерде қолдан 4 тонна қар түсірілген. Сондай-ақ брифингте тұрғын үй секторындағы өрт қаупі туралы да айтылды. Өткен жылы қалада шыққан 727 өрттің 413-і тұрғын үй секторында болған. Айтып келмейтін тілсіз жаудың салдарынан көз жұмғандардың 75 пайызы – газдан уланғандар. Сондықтан соңғы екі аптада 23 мың үйді аралап шыққан төтенше жағдайлар қызметкерлері өздерінің бір күндік жалақыларын улы газды анықтайтын 100 дабыл құралын сатып алуға аударған. Ол көбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін орнатылады.

Авторлары: Алуа Маханбет, Владимир Бовкис, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы